Павлодарда вакцинадан бас тартқан екі мыңнан астам жағдай тіркелді
Бас тарту балалар денсаулығына қауіп төндіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында профилактикалық екпеден бас тарту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша 2,7 мыңға жуық ата-ананың екпеден бас тартуы тіркелген. Мамандардың айтуынша, мұндай шешім балалар арасында ауыр асқынулардың, мүгедектік пен өлім қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
Павлодар қаласы №3 емханасының иммунопрофилактика жөніндегі үйлестірушісі, жалпы тәжірибе дәрігері Айнагүл Алтаеваның айтуынша, вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі қолжетімді жолы. Ол жеке иммунитетті нығайтып қана қоймай, ұжымдық қорғанысты қалыптастырып, денсаулық жағдайына байланысты екпе ала алмайтын адамдарды да қорғайды.
– Қамту деңгейі неғұрлым жоғары болса, вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекциялардың таралу қаупі соғұрлым төмендейді. Уақтылы егілген балалар ауруды жеңіл өткереді, ал екпе алмағандарда ауыр асқынулардың, мүгедектік пен өлімнің қаупі жоғары. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды, – деді дәрігер.
Жеті айдың қорытындысында балаларды жоспарлы профилактикалық егумен қамту көрсеткіші 43,2%-ды құрады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 55,4%-дық межеден төмен.
Екпеден бас тартудың негізгі себептері – жеке көзқарас (59,3%), вакцинаға сенімсіздік (29,4%), бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі теріс ақпараттың ықпалы (8,7%) және діни ұстанымдар (2,6%).
– Соған қарамастан, медицина қызметкерлерінің жұмысының нәтижесінде биыл бұрын екпеден бас тартқан отбасылардың 639 баласы иммундаудан өтті. Оның ішінде бірінші жартыжылдықта есепке алудан бас тартушылардың 244 баласына вакцина салынды, – деді Айнагүл Алтаева.
Иммундауды насихаттау мақсатында діни бірлестіктер өкілдерімен алты кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда жоспарлы егумен қамту деңгейіне мониторинг жүргізілді.
Тексеру барысында кейбір балабақшаларда егілген және егілмеген балалардың арақатынасына қойылатын талаптардың сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына 11 әкімшілік айыппұл салды.
Мамандардың мәліметінше, қазір жүкті әйелдерге, жас аналар мен жас отбасыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Әсіресе, әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпараттың әсерін азайтуға басымдық беріліп отыр.
– Қызылшаның аса қауіпті инфекция екенін атап өткен жөн. Бұл ауру бас миын зақымдап, оның асқынуы бірден емес, біраз уақыт өткен соң да байқалуы мүмкін. Ал алты айға дейінгі нәрестелер эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ғана вакцина алатындықтан, осы кезеңде инфекцияға өте осал келеді, – деді дәрігер.
Айнагүл Алтаева өз тәжірибесінде кездескен оқиғаны да мысалға келтірді. Оның айтуынша, ата-анасы көкжөтелге, күлге (дифтерияға) және сіреспеге қарсы адсорбцияланған вакцинадан (АКДС) бас тартқан төрт айлық сәби кейін көкжөтелге шалдығып, шамамен жүз күнге созылған ауыр жөтелмен ауырған. Кейін анасы өз шешіміне өкініш білдірген.
Мамандардың айтуынша, вакцина арқылы алдын алуға болатын көптеген жұқпалы ауруларға қарсы арнайы ем жоқ. Науқастарға тек симптомдық ем көрсетіліп, дене қызуы түсіріліп, пневмония секілді асқынулар емделеді. Сондықтан мұндай дерттердің алдын алудың ең тиімді жолы – екпені уақытылы алу.