Павлодарда жұмысшы жастар биылғы жылды қорытындылады
Шаһарда «Талапты zhas» жас жұмысшы мамандардың облыстық форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиын «Жұмысшы мамандықтар» жылының қорытынды алаңы ретінде өтіп, еңбек адамының қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыруға арналды.

Форумда сөз сөйлеген облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Айнұр Раисова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбекқорлық пен кәсібилікті насихаттауға ерекше мән беріп келе жатқанын келтірді. Оның айтуынша, қарапайым еңбек адамы – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші.
– Бүгінгі қоғамда еңбек адамының орны ерекше. Ел дамуы сіздердің білікті, белсенді әрі мақсатты болуларыңызға тікелей байланысты. Қарапайым еңбекпен үлкен жетістікке жетіп жүрген жастарымыз көп, бұл – нағыз мақтаныш. Қарапайым еңбектің қадірін арттырып, еліміздің тірегі болып жүрген сіздердің еңбектеріңіз – Отанымыздың нағыз байлығы. Сондықтан биылғы жыл сіздердің мәртебелеріңізді асқақтатып, еңбектеріңізге құрмет көрсетуге арналған ерекше кезең болды, – деді ол.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде бірқатар жобалар мен іс-шаралар өткен. Жыл басынан «Еңбек батыры» байқауы ұйымдастырылса, тамыз айында республикалық «Жас жұмысшы мамандар» форумы қалада сәтті өтті. Сонымен қатар «100 еңбек жұлдызы» фестивалі де өткізіліп, өз ісіне адал, еңбегімен көзге түскен жастар бір алаңға жиналды.

Форум қатысушыларының бірі мұнай-газ саласының маманы, «SGS Қазақстан ЛТД-ның» лаборанты Алуа Кәкенова бұл салада бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтты.
– Мұнай-газ саласын саналы түрде таңдадым және бұл таңдауымды мақтан тұтамын. Бұл сала еліміздің дамуына үлкен үлес қосады. Жұмысшы мамандықтар жылы бізге өзімізді тек жұмыста ғана емес, түрлі іс-шараларда да көрсетуге мүмкіндік берді. «100 еңбек адамының» қатарында болу – мен үшін үлкен мәртебе, – деді ол.


Форумда «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» «Восточный» кенішінің бульдозер машинисі Ержан Аймұратов та өз тәжірибесімен бөлісті.
– Мен разрезде төрт жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Биыл біздің ұжым үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Біз тек кәсіби салада жетістікке жетіп қана қоймай, өзімізді шығармашылық және спорт жағынан да көрсете алдық. Жалпы разрезде 700 миллион текше метрден астам аршынды жыныс өндірілді, – деді ол.

Форум соңында ұйымдастырушылар жас жұмысшы мамандарды адал еңбегі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіріп, оларға облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.