Павлодарда жәрмеңкеде мыңдаған бос жұмыс орны ұсынылды
Өткен жылы шамамен 800 адам жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Шарада жұмыс іздеушілермен қатар студенттер мен оқу орындарының түлектері қатысты.
Павлодар қаласының «Мансап» орталығының басшысы Қарлығаш Сембекованың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты - оқу орындарының түлектерін, колледждер мен ЖОО студенттерін, сондай-ақ жұмыссыз жастарды қоса алғанда, 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
- Бүгін жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесіп үлкен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Шараға 40-тан астам кәсіпорын шақырылып, 2000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Шараға шамамен 400 жұмыс іздеуші және 1500 түлек қатысуға мүмкіндік алды, - деді ол.
Оның айтуынша, бұл жыл басынан бері өткізіліп отырған жетінші жәрмеңке. Қалада бүгінде шамамен 6000 адам жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, бұл көрсеткіш ай сайын төмендеп келеді. Әрбір азаматпен жеке жұмыс жүргізіліп, оларға сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылуда.

Сондай-ақ форумда құқық қорғау органдарындағы бос орындар да таныстырылды. Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Алмас Жәкиттің пікірінше, заңгерлік білімі мен әскери борышын өтеген, онымен қоса IT саласын меңгерген мамандарға сұраныс жоғары екенін жеткізді.
- Қазіргі уақытта патрульдік полиция батальонына және полиция басқармасына жұмысқа орналасуға тұрақты қабылдау жүргізілуде. Жұмысқа қабылдаудағы басты шарттардың бірі - ер азаматтардың бойы 170 см-ден, ал қыздар 160 см-ден жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, патрульдік әкімшілік қызмет бағытында да бос орындар қарастырылған, - деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай жәрмеңкелер жастарға еңбек нарығын түсінуге және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Өткен жылы осы бағыттағы шаралар нәтижесінде 740 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.