Павлодарда жаңа буын IT мамандары қалай дайындалып жатыр?

Павлодарда жаңа буын IT мамандары қалай дайындалып жатыр?
Фото: ӨКҚ

Шаһардағы Tomorrow School бағдарламалау мен жасанды интеллекті әзірлеуші деңгейінде қолдануды үйретеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Tomorrow School кампусының жетекшісі Ильдар Асановтың айтуынша, бағдарлама, соның ішінде, бағдарламалауда тәжірибесі жоқ адамдарға да арналған. Оқуға 18 жастан бастап қатысуға болады. Сабақтар peer-to-peer, яғни «тең-теңіне» қағидаты бойынша өтеді. Бұл – студенттердің бір-біріне білім беруі, командаларда жұмыс істеуі және нақты жобалар жасауы.

– Шілде айында біз оқудың алғашқы іріктеу кезеңін аяқтадық. Барлығы 78 адам оқудан өтті, оның 13-і негізгі курсқа қабылданды. Дүйсенбіден бастап олар негізгі оқуға кіріседі. Сонымен қатар, жаңа іріктеу легі де басталады, – дейді Ильдар Асанов.

Іріктеу кезеңінде студенттер бағдарламалау негіздерін Golang тілі арқылы үйренеді. Бұл –  Google әзірлеген бағдарламалау тілі. Негізгі курсқа өткеннен кейін оқу бірнеше бағытқа бөлінеді. Оқыту Golang тілінен басталып, кейін веб-әзірлеуді қоса алғанда, IT индустриясының заманауи талаптарына сәйкес келетін бірнеше негізгі бағыт бойынша жалғасады.

– Жалпы, қазіргі таңда мектебіміздегі білім беру жүйесі барлық бағытта заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдануға бағытталған. Іріктеу кезеңінде студенттер негізгі курсқа өту үшін бірқатар емтихан тапсырып, топтық жобаларды сәтті орындауы керек. Екі жылға есептелген негізгі оқу барысында студенттер үнемі ауқымды жобалар орындайды. Олар мобильді қосымшалар, сайттар, ойындар, жасанды интеллект қолданылатын жүйелер болуы мүмкін. Студенттер жобаларын топ болып та, жеке де қорғайды. Бұл олардың білім беру бағдарламасы бойынша ілгерілеуін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі, – дейді кампус жетекшісі.

Мектепке қабылдау онлайн өтінім беруден, есте сақтау қабілетін тексеруге арналған шағын ойыннан және жеке мәліметтер көрсетілген сауалнаманы толтырудан басталады. Бұл кезеңдердің барлығынан 17 жасқа толған кез келген адам өте алады, оның ішінде бағдарламалауға тәжірибесі жоқ адамдар да қатыса алады.

Бағдарлама ең қарапайым негіздерден бастап, біртіндеп күрделі тақырыптарға көшуге бағытталған. 

–  Peer-to-peer жүйесіне келетін болсақ, бұл, бәлкім, көпшілікке белгілі нәрсе: адам жаңа материалды оны басқа адамға өзі түсіндіре алған кезде жақсы есте сақтайды. Сондықтан біз дәл осы тәсілді таңдадық. Біз ұйым ретінде тәлімгер әрі платформа рөлін атқарамыз. Яғни бағыт-бағдар беріп, белгілі бір материалдарды ұсынамыз. Ал студенттер бір-бірімен өзара әрекеттесе отырып, тек hard skills емес, soft skills дағдыларын дамытып, оқу процесін өздері алға жылжытады, қызықты жобалар жасайды, өз кодтарын қорғайды және жаңа білім игереді, – дейді Ильдар Асанов. 

Алғашқы кезеңнен өткен 78 адамның орташа жасы 28-29 жас. Шамамен жартысы – жастар мен студенттер, ал екінші жартысы – белгілі бір жерде жұмыс істеп жүрген, біліктілігін арттыруға, мансап бағытын өзгертуге немесе жаңа мамандық игеруге уақыт бөлуге дайын адамдар.

Бағдарламамыздың негізгі ерекшеліктерінің бірі – студенттерге нақты компаниялардың практикалық міндеттеріне барынша жақын дағдыларды беруі. Мамандар бағдарламаны заманауи талаптарға бейімдеп, оған үнемі өзгерістер енгізіп отырады.

– Негізгі мақсатымыз –  оқу аяқталған кезде әр студенттің өз IT-жобаларын жүзеге асыруға немесе ірі IT-командаларда жұмыс істеуге дайын болатындай жеткілікті білімі мен дағдылары болуы. Мысалы, мен атап өткен бес-алты адам өздерінің жеке стартаптарын дамытып жатыр. Олардың идеялары бар және олар Tomorrow School ішінде өз командаларын құрған. Яғни бірнеше пікірлес адамды жинап, сол командалармен бірге өз идеяларын дамытып жатыр. Қазір барлығы MVP кезеңінде. Бұл – инвесторларға көрсетіп, инвестиция мен жобаға қызығушылық тартуға арналған алғашқы прототип, – дейді IT-маман. 

Еске сала кетейік, Павлодарда IT-бастамаларды дамытуға бағытталған Pavlodar Hub жас әзірлеушілер мен стартап авторларына қолдау көрсетіп келеді. Жылдың алғашқы жартысында хаб мамандары шамамен 20 жобаға консультациялық көмек көрсеткен. Консультация алған жобалардың басым бөлігі білім беру саласына бағытталған. Олардың қатарында тіл үйренуге арналған Lingo сервисі және жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын жобалар бар.