Павлодарда жасөспірімдер арасындағы «мафияны» полицейлер тексереді
Әлеуметтік желіде бір топ жасөспірімдер балаларды пышақпен, бұрыш баллонмен қорқытып, ақша алып жүр деген ақпарат тарауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Хабарлама авторы «Batyr Mall» сауда үйінің скейт-паркінде 13-17 жастағы жасөспірімдер өздерін мафия ретінде санап, балаларды шошытып жүргені туралы жазады.
– 2 қыркүйек күні бұл жағдай төбелеске дейін жетті. Олар жанжалды әдейі туындатқан. Балалар өз бетінше полицейлерден көмек сұрады,– деп жазды ата-ананың бірі.
Облыстық полиция департаменті аталған фактіні тіркеді. Сот медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның қатысушылары қалалық білім беру бөлімімен бірлесіп анықталуда.