Павлодарда кіреберісте жатқан мас әйел детоксикация орталығына жеткізілді
Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 102 операторларының пультіне Лермонтов көшесінде кіреберісте әйел жатқаны туралы шақыру түскен. Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері әйелдің мас екенін анықтаған.
– Қала тұрғыны айығуы үшін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, содан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сол күні Толстой көшесінде белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар спирттік ішімдіктер ішіп жатқаны туралы шақыру түсті. Аталған мекенжайға келген полицейлер бас қосқан топты өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына жеткізді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыс аумағында алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін 6111 факті тоқтатылды.
Полиция департаменті мас адамдар мен қоғамдық орындарда ішімдік ішетіндер туралы «102» телефоны арқылы хабарлауға немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалануға болатынын еске салады.