Павлодарда электр есептегіш көрсеткіштерін қабылдайтын жаңа нөмір іске қосылды
Ол WhatsApp, Telegram және Viber мессенджерлеріне қосылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар, Ақсу қалалары мен Павлодар облысының тұрғындары электр энергиясы есептегіштерінің көрсеткіштерін енді мессенджерлердегі автоматтандырылған жүйе арқылы бірыңғай нөмірге жібере алады.
2026 жылғы 20 қыркүйектен бастап көрсеткіштерді 8 (702) 739-54-53 нөміріне WhatsApp, Telegram және Viber мессенджерлері арқылы жолдау қажет.
Электр энергиясының көрсеткіштерін қабылдауға арналған жаңа нөмірді тұрғындарға алдын ала сақтап қою ұсынылады. Бұдан былай мессенджерлер арқылы басқа нөмірлерге жіберілген көрсеткіштер қабылданбайды.
Сонымен қатар, есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін бірнеше тәсілмен ұсынуға болады. Атап айтқанда, 8 (7182) 903-309 нөмірі арқылы IP-телефония немесе дауыстық пошта қызметін пайдалануға, kps@pavlodarenergo.kz электрондық поштасына жолдауға болады.
Сондай-ақ көрсеткіштерді Кривенко көшесі, 27 мекенжайындағы өтініштерді қабылдауға арналған жәшік арқылы немесе Pavlodarenergo сайтының жеке кабинеті арқылы жіберуге мүмкіндік бар.
Тұрғындарға электр есептегіш көрсеткіштерін белгіленген мерзімде жіберіп, жаңа байланыс нөмірін сақтап қою ұсынылады.