Павлодарда жас полицейлер ант қабылдады

Облыстық полиция департаментінде гарнизондық сап түзеу рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл іс-шараның басты сәті жас полицейлердің салтанатты түрде ант қабылдауы болды. Өз қызметтік міндетін адал атқаруға ант берген 30 павлодарлық жас полицей үшін бұл күн ерекше болды.
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орумбаев жас мамандарға сәттілік тілеп, әрбір полиция қызметкері үшін алғашқы офицерлік шен алу – үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Сіздер полицияға қызметке келіп, тәртіп сақшыларының қатарын толықтырдыңыздар. Бұл – жауапты, қиын, бірақ абыройлы жол. Бұл жол сіздерден төзімділік, сабыр және ең бастысы – адамгершілік қасиеттерді талап етеді. Офицер атағын абыроймен алып жүруді тілеймін. Адал және батыл болыңыздар, Заңды бұлжытпай орындаңыздар және кәсібилік, тәртіп пен мәдениет – қылмыспен күрестегі басты қару екенін ұмытпаңыздар. Отанға адал қызмет етіңіздер, борыштарыңызды соңына дейін орындаңыздар, – деді Жандос Орумбаев.
Жас полиция қызметкері Исламбек Аленов өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындауға тырысатынын айтады.
– Бұл күн мен үшін ерекше, себебі ант қабылдау – өмірімдегі ең жауапты сәт. Погон тағу – бала күнгі арманым еді, бүгін сол арманым орындалды. Біз нағыз полицей болдық. Мен Отан алдында адал қызмет етіп, қылмыспен күресіп, ел тыныштығын сақтауға үлес қосамын, – деді ол.
Ант қабылдау рәсімімен өткен гарнизондық сап түзеу – бұл жай ғана салтанатты шара емес. Бұл – моральдік жетілу, қызмет етуге және қорғауға дайын болу актісі. Мұндай дәстүрлер жас қызметкерлерге ұрпақтар сабақтастығын, таңдаған мамандықтың маңыздылығын және қызметтің алғашқы күнінен бастап жүктелген жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.