Павлодарда жас құтқарушылар бақ сынасты
Өрт-құтқару спорты бойынша чемпионат ҚР Тәуелсіздік күніне орайластырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала мектептерінің оқушылары арасындағы жарыстар «Динамо» спорт кешенінде өтті.
Іс-шараға облыстық ТЖД басшылығы, дене шынықтыру және спорт басқармасының, білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенева қатысты.
10-16 жас аралығындағы 120 қатысушыдан құралған 19 команда шапшаңдық пен ептілік танытып, үздік «Жас құтқарушы» атағы үшін сайысқа түсті.
Чемпионат оқушыларға төтенше жағдайлар туындаған жағдайда бастапқы іс-қимыл дағдыларын үйрету, өрт-құтқару спортын дамыту, балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жеке және ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы және жауапты көзқарасты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
– Қатысушылар бірнеше сынақтан өтуі тиіс болды. Балалар аспалы шабуыл баспалдағын пайдаланып, оқу мұнарасының 2-қабатына тез көтерілді, 100 метрлік кедергілер жолағын бағындырды, 75 сантиметр биіктіктегі тосқауылдан сүрінбей өтті. Сондай-ақ, екі өрт жеңін пайдаланып, тапсырмаларды орындады, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінде.
Жарыс нәтижелері бойынша №18 ЖОББМ командасы бірінші орынды және кубокты жеңіп алды, екінші және үшінші орынды Қ.Бекхожин атындағы және №30 мектептің командалары иеленді.
– Жарыстың арқасында балалар құтқару жұмыстарына қажетті дағдыларды қалыптастырады, олар командада жұмыс істеуді үйренеді. Жарыс қорытындысы бойынша республикалық жарыстарда Павлодар өңірінің атынан қатысатын облыс құрама командасына іріктеу жүргізіледі, – деп атап өтті облыстық ТЖД бастығы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.