Павлодарда жастар арасындағы қылмыс 40 пайызға төмендеді

Павлодарда жастар арасындағы қылмыс 40 пайызға төмендеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, тұжырымдама нәтижесінде өңірде жалпы қылмыс деңгейі 21,9 пайызға төмендеген. Ал жастар арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайған.

Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және жастар ұйымдарымен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға жол бермеу және қайталама қылмыстарды болдырмау мәселелеріне басымдық берілуде.

–  Өткен жылы жастар тарапынан 44 қылмыс жасалса, биыл бұл көрсеткіш 26-ға дейін төмендеді. Тіркелген құқық бұзушылықтардың арасында аса ауыр қылмыстар жоқ, – деді Азамат Күркебаев.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу да маңызды бағыттардың бірі болып отыр.Әлеуметтік желілерде мұндай сипаттағы оқиғаларға қатысты түрлі ақпараттар жиі тарайды. Сондықтан полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және жастармен жұмыс істейтін құрылымдармен бірлесіп, профилактикалық шараларды күшейтті.

– Жыл басынан бері 8 326 азамат мас күйінде медициналық айықтырғыштарға жеткізілді. Оның ішінде 1 105 адам қайталама түрде жеткізілген. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 4 145 қорғау нұсқамасы шығарылған. Оның ішінде 3 363 азаматқа сот шешімімен алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынған, – басқарма басшысы. 

Жеке бағыттардың бірі – девиантты мінез-құлық танытатын балалармен жұмыс жүргізу. Полиция қызметкерлері педагогтермен бірлесіп, мұндай жасөспірімдерді спорт секцияларына және басқа да пайдалы үйірмелер мен іс-шараларға тартуға тырысуда. Азамат Күркебаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде оң динамика көрсетіп отыр. Полиция профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізілуі қажет деп санайды.

– Бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізсек, жастардың дүниетанымы да өзгереді, – деді ол. 

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар одан әрі күшейтілмек.

Еске сала кетейік, 2026 жылға «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бойынша екі мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында 1600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, олармен шамамен 700 мың адам қамтылды.