Ақсу ауылдық аймағында болған өртке қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды
Себебі – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 желтоқсанда сағат 08-27-де Пограничник ауылына шақырту түскен. Жеке тұрғын үй аумағында үш бөлмелі тұрғын үйдің 60 шаршы метр алаңында ағаш шатыр құрылымдары өртеніп, жартылай құлаған.
– Оқиға орнында екі техника мен жеті өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жұмыс істеді. Тілсіз жау сағат 09-29-да жойылды, – дейді департаментте.
Сондай-ақ бұған дейін дәл осы ауылда 10 желтоқсанда сағат 14-16-да өрт шыққаны туралы шақырту тіркелген. Екі пәтерлі кірпіштен салынған тұрғын үйдің үш бөлмелі пәтерінде ағаш шатыр құрылымдары, қазандықта жалпы ауданы 45 шаршы метр аумақта үй заттары жанған. Өртті сөндіруге төрт техника және өрт сөндіру қызметінің тоғыз қызметкері жұмылдырылып, сағат 16-02-де сөндірілген.
Бірінші жағдайда да өрттің шығуына электр желілерін, екіншісінде жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себеп болған.
Еске сала кетейік, Ақсу қаласы әкімдігінде баспаналары өртенген екі отбасы мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен берілетін әлеуметтік көмек алуға құжаттарын рәсімдеу бойынша кеңестер алғанын хабарлаған болатын.