Павлодарда жетім балаларды жұмысшы мамандыққа баулу жобасы таныстырылды

Павлодарда жетім балаларды жұмысшы мамандыққа баулу жобасы таныстырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазіргі таңда жетінші сыныптағы балаларды баулу жоспарда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда өткен жастар форумында «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы атынан бірегей әлеуметтік бастама – «Самұрық үміті» жобасы таныстырылды. Шарада сөз алған «Самұрық-Қазына» транспорт қорының бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Альфия Адиеева қатысушыларды Жастар күнімен және Павлодар өңірінде маңызды форумның ұйымдастырылуымен құттықтады.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанның барлық өңірінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында іске қосылған «Самұрық үміті» жобасы.

– Жоба 2025 жылдың қаңтар айында Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында басталды. Басты мақсат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мектепте оқып жүрген балаларды жұмысшы мамандықтарға баулу және болашақта қор компанияларында жұмысқа орналастыру. Бұл біздің болашақ мамандарды өзіміз дайындауымызға мүмкіндік береді, – деді Альфия Адиеева.

Пилоттық жоба аясында екі өңірден 8- және 9-сыныпта оқитын 100 бала таңдалған. Алғашқы кезеңде 9-сынып оқушыларының ішінде жұмысшы мамандықты таңдауға дайын болғаны небәрі жетеу ғана болса, арнайы менторлық жұмыс, кәсіптің қыр-сыры мен артықшылықтарын таныстыру нәтижесінде бұл көрсеткіш едәуір артқан.

– Бар-жоғы жеті айдың ішінде 54 оқушының 32-сі колледжге құжат тапсырды. Оның 28-і жұмысшы мамандықты таңдады. Бұл – алғашқы жыл үшін өте жақсы нәтиже, – деп атап өтті жоба жетекшісі.

Альфия Адиеева жастарды жетім балаларға қамқорлық танытуға шақырып, келесі жылы жобаға 7-8-сынып оқушыларын да қатыстыру жоспарланып отырғанын айтты.

– Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз бар. Біз осы ұстанымды өмірде жүзеге асырып келеміз. Павлодар жастары да бұл бастамадан тыс қалмай, қатысушылардың болашақта елге қызмет ететін білікті азамат болып қалыптасуына үлес қосады деп сенемін, – деді Альфия Адиеева.

«Самұрық үміті» жобасы алдағы жылдары да жалғасып, қатысушылардың кәсіби білім алуына және тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасамақ.