Павлодарда жылқы бейнесіне арналған ерекше көрме өтеді
Көрмеге алты жастан бастап ересек жасқа дейінгі авторлардың шығармалары қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
17 наурыз күні сағат 15:00-де С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Айна» галереясында «АртБюро» бейнелеу өнері мектебінің «Сызық. Түс. Жылқы» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.
Экспозицияда сурет салуды енді бастаған кішкентай суретшілердің де, өмірлік тәжірибесін бояу арқылы жеткізген ересек қатысушылардың да туындылары ұсынылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба өнердің жасқа тәуелді еместігін көрсететін ортақ шығармашылық алаң болмақ.
Биыл «АртБюро» бейнелеу өнері мектебінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мектеп шәкірттері Жапония, Франция, Болгария, Ресей, Польша, Румыния, Беларусь, Иран және Сербия сияқты елдерде өткен халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Көрмеде 37 автордың 49 шығармасы ұсынылады. Әрбір туынды автордың өзіндік көзқарасы мен шығармашылық ізденісін көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сызық. Түс. Жылқы» көрмесі қозғалыс, еркіндік және шабыт идеясын бейнелейді. Көрме қонақтары бейнелеу өнерінің ерекше атмосферасын сезініп, жас және тәжірибелі суретшілердің жұмыстарымен таныса алады.