«Ордабасы құрылтайы»: павлодарлық оқушылар тарихи оқиғаға спектакль арнады

«Ордабасы құрылтайы»: павлодарлық оқушылар тарихи оқиғаға спектакль арнады
Фото "Ertis" музейінен

Театрландырылған қойылым мектеп оқушылары үшін дебют болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қасиетті құрылтай: елдің ұлы дәстүрі» спектаклі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық орта мектеп пен «Ertis» музейінің бірлескен жобасы.

Мектептегі театр үйірмесінің жетекшісі Надежда Сорокинаның айтуынша, қойылым авторлық шығарма емес, тарихи оқиғаның реконструкциясы болып табылады.

– Театрландырылған қойылым қазақ руларының құрылтайына арналған. Жиынның шарықтау шегі үш жүздің бірлесуі және жоңғар шапқыншылығына қарсы елді қорғау үшін ортақ әскери басшылықты сайлауға ұласады. Қойылым бірлік, патриотизм, билердің даналығы мен батырлар ерлігінің маңызын айқындайды. Экспозицияда Әбілқайыр хан, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, сондай-ақ атақты батырлар Бөгенбай мен Қабанбайдың образдары сомдалады, – дейді Надежда Сорокина.

Қойылымды дайындауға ұзақ уақыт кеткен жоқ. Жас әртістердің айтуынша, ең қиыны мәтінді жаттау болған. Қалған шығармашылық әрекеттерді сахнада үйреніп алған. Сахнада туған жер үшін шайқас көріністері мен маңызды диалогтар көрсетілді. Ең бастысы, оқушылар тарапынан қызығушылықтың болуы. Олар үшін костюм киіп, сахнаның толық безендірілуімен шыққан сәттер ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, жетінші сынып оқушылары белсенді қатысты. Солардың бірі – Мансұр Қайыргелді.

– Мен Қазыбек бидің рөлін сомдадым. Бұл - басты рөлдердің бірі. Маған бұл образ ұнады, себебі билер мен хандардың халық алдындағы жауапкершілігі, елдің қауіпсіздігі мен бейбіт аспанын қорғау туралы сөз сөйледім. Болашақта одан да қызықты рөлдерге ие болып, жаңа образдарды ашамыз деп үміттенемін, – дейді Мансұр.

Музей директоры Айзада Бектемісованың айтуынша, ұйымдастырушылардың мақсаты тек патриоттық немесе мәдени бағыттағы тәрбие емес, білім беру бағытына да негізделген.

– Театрландырылған көрініс арқылы Қазақ халқының тәуелсіздік жолында бастан кешкен тарихи кезеңдерді балаларға жеткізгіміз келеді. Балаларға мұндай оқиғаларды спектакльдер мен қойылымдар түрінде көру қызықты. Біз жас әртістерді сахналық костюмдер және реквизиттермен қамтыдық, – дейді Айзада Бектемісова.

Болашақта осы тектес жобалар жалғасын табады