Павлодарда жылу маусымы басталды: барлық нысандардың жүйелері толтырылуда
Қала әкімі жылу желілерінің дайындығын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жылыту маусымына дайындық және жылу беруді тұрақты қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Облыс орталығында 14 қыркүйектен бастап жылыту маусымы басталды. Қазір әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер мен медициналық ұйымдар жылу жүйесіне қосылып жатыр. Сонымен қатар, барлық нысандардың, оның ішінде көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелерін толық толтыру жұмыстары жүргізілуде.
Кеңес барысында қала әкімі жылу маусымына барынша бірқалыпты өту үшін дайындық жұмыстарын алдын ала аяқтаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, барлық көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ішкі жылумен жабдықтау жүйелері жылу беруге дайын болуы қажет.
– Біз бұл мәселемен бір жылдан бері айналысып келе жатқан жоқпыз. Жыл сайын бір жағдай қайталанады. Барлығы бір уақытта жылу желілеріне қосылған кезде су жеткіліксіз болып, желілердегі қысым төмендейді, гидравликалық режим бұзылады. Соның салдарынан жылуды уақытылы бере алмай қаламыз. Сондықтан биыл барлық үйлердің жүйелерін алдын ала толтыруды тапсырдым. Бұл қажетті гидравликалық режимді қамтамасыз ету үшін қажет, – деді Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі кеңес барысында жауапты мамандардан нысандардың жылу маусымына дайындығы туралы сұрады.
Жауапты мамандардың мәліметінше, әлеуметтік нысандардың, көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің жылу жүйелерін толтыру жұмыстары жүргізіліп, негізгі нысандар бойынша бұл жұмыс аяқталған.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Анатолий Моисеевтің айтуынша, қазіргі уақытта жылу желілеріндегі қысымды қамтамасыз ету және жүйелерді толтыру жұмыстары толық орындалған.
– Барлық әлеуметтік нысандар, көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер бойынша жылу жүйелерін толтыру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін берілген тапсырмаға сәйкес, ішкі жылумен жабдықтау жүйелері алдын ала толтырылып, кез келген уақытта жылу беруге дайын болуы қамтамасыз етілді, – деді ол.
Кеңесте жеке сектордың да дайындығы талқыланды. Хасар Хабылбеков жауапты тұлғалардан жеке тұрғын үйлердің жүйелерін толтыру жұмыстарының барысын нақтылады.
Қала әкімі жылу маусымының басталуы кезеңінде желілердегі гидравликалық режимнің бұзылуына жол бермеуді тапсырды. Оның сөзінше, жүйелерді жаппай толтыру кезінде қысымның төмендеуі жылу берудің тұрақтылығына кері әсер етпеуі тиіс.
– Кейін «мына үйде қысым төмен», «қысым жоқ» деген себептерді естігім келмейді. Мен бұл туралы сіздерге бір ай бұрын ескертіп, алдын ала тапсырма бердім. Үйлерді уақытында толтыру қажет. Жылу маусымына ұзақ кіруге және гидравликалық режимнің бұзылуына жол бермеуіміз керек, – деді қала әкімі.
Хасар Хабылбеков жауапты қызметтерге жылу маусымына барынша бірқалыпты кіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жылу беру барысында ауа райы жағдайын да ескеру қажеттігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты бөлімдер мен қызметтерге тиісті тапсырмалар беріліп, оларды хаттамаға енгізу тапсырылды.
Қала басшысы қысқы кезеңде жылумен жабдықтаудың тұрақты әрі үздіксіз берілуін қамтамасыз ету – негізгі міндет екенін атап өтті.