Павлодарда жылу құбырлары белгіленген мерзімнен екі есеге артық қолданылуда
Биыл Павлодар мен Екібастұзда шамамен бірдей көлемде жылу құбырлары жаңартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баспасөз жиынында «Павлодартехэнерго» ЖШС басшысының орынбасары Сергей Олейников Павлодар қаласындағы жылу желілеріне жүргізілген техникалық аудит нәтижелерін атап өтті.
Оның айтуынша, қаладаға жылу беретін және ЖЭО-ға кері қайтататын желілердің жалпы ұзындығы 800 км-ге жуық. 450 шақырым жылу желісіне қызмет көрсетеледі. Қалғаны – жеке меншіктегі желілер.
– Тексеру нәтижесі бойынша қаладағы жылу желісінің 82 пайызы тозған. Әрине жаңа құбырлар да бар. Құбырлардың қызмет көрсету уақыты – 25-30 жыл. Павлодар қаласындағы құбырлардың көбі өз уақытынан 2 есе артық қызмет көрсетіп жатыр. Былтыр жылу желілеріне 50 жыл болды. Сәйкесінше, олар 50 жыл жұмыс жасап тұр, – деді Сергей Олейников.
Ол құбырлардың тозу деңгейін азайту үшін жаңасына ауыстыру қажет екенін айтты.
Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов биыл облыста барлығы 49 км жылу құбырын жаңарту жоспарланғанын атап өтті.
– Екібастұзда 17,2 шақырым жылу желісі жаңартылады. Оның 5 шақырымы – магистральдік желі. Қалғаны – кварталішілік желілер. Ал, Павлодар қаласында 18 шақырым жаңартылады. Оның 1,8 шақырымы магистральдік желі болса, 9,5 шақырымы кварталішілік желі. Қалғаны – жеке меншіктегі желілер. Ақсуда 13 шақырым жылу желісі жаңартылады, – деді Ержан Салханов.
Облыс орталығында желілер аудит нәтижесі бойынша ең тозығы жеткен жерлерде жаңартылады.
Ал, Екібастұзда биыл жаңартуды қосқанда барлығы 40 км жылу желісіне жөндеу жүргізіледі.
Сергей Олейниковтің айтуынша, Павлодар қаласында жұмыстағы 450 км желінің құбырлары 25-30 жыл жұмыс жасауы тиіс болса, онда жылына 2,5 пайызы жаңасына ауыстырылып отыруы қажет.
– Сонда жылына 11-12 шақырым құбыр ауыстыру керек. Сондықтан жақсы жағдайда болу үшін жылына 25 шақырым ауыстыру қажет, – деді Сергей Олейников.
Басқарма басшысы Ержан Салханов биылғы 18 км жаңартатын қарқынмен де жақсы жағдайға шығуға болатынын айтты.