Тереңкөл әкімі қансорғыштарға қарсы жұмыс жайлы: Тұрғындар алғыс айтуда
Ауданда шыбын-шіркейден өңдеу тиімділігі 80%-дан жоғары болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов мәлім етті.
– Барлық атқарылған жұмысқа тұрғындар атынан тек қана алғыс болды. Ғылыми топтың жұмысы мен біздің мердігер бірлесе отырып істеген жұмыс жақсы нәтиже берді. Келесі жылы да жұмыстар жалғасатын болады, тек жылдан-жылға күшейту керек, – деді аудан әкімі. – Мен де Тереңкөлде тұрамын, керемет жағажайымыз бар. Әр сенбі сайын жағажайымызда «Ertis Promenade» сияқты концерттік бағдарламаны ұйымдастырамыз. Әр 12 ауылдық округіндегі мәдениет үйлерінің ұжымдары концерт қояды. Шамамен 200-300 адамдай жиналады. Сол уақыт аралығында ешқандай сары маса, шыбын-шіркей болған емес.
Оның сөзінше, облыстық бюджеттен авиаөңдеуге қаржы бөлініп, ғылыми топтар Ақтоғай мен Тереңкөл арасындағы 30 мың гектар жерін өңдеген. Ал аудандық бюджеттен Ертіс өзенінің жайылмасын өңдеу үшін жер бетіндегі тоқсауылды дизенсекциялауға қаражат бөлінген.
Дезинсекциялық іс-шараларды өткізу кезінде 7500 гектар аумақты қамтып, 1849 литр химиялық препарат жұмсалды. Мамыр айында облыстық мердігер – «QsmEngineering» ЖШС 18 мың гектардан астам жерде жайылмада авиаөңдеу жүргізді. Барлығы 42 ұшу болған. «Бактицид», «Дельтарис» химиялық препараттары қолданылды.