Павлодарда жолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындық тексерілді
Полицейлер қар тазалайтын техникалар мен көктайғаққа қарсы материалдардың қорын қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйымдардың қысқы маусымға дайындығын тексерді.
Мамандар қар тазалайтын арнайы техникалардың жағдайына, тұз бен құм қорына және көктайғаққа қарсы материалдардың жеткіліктілігіне назар аударды. Сондай-ақ оларды сақтайтын орындар мен тиеу құралдарының дайындығы қаралды.
Бұдан бөлек, жүргізушілер мен жұмысшылардың демалатын және жылынатын орындары, кезекшілік кестесі мен жол жағдайы туралы жедел ақпарат алмасу жүйесі тексерілді.
Павлодар қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Абылайхан Алпысбайдың айтуынша, мұндай шаралар қыс мезгілінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымдардың қысқы маусымға дайындығы жөнінде тиісті актілер жасалды.