Павлодарда жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған тұрғын айыппұл арқалады
Автокөлік айып тұрағына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодар қаласының полицейлері тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
- Профилактикалық жұмыстар мен ескертулердің тұрақты жүргізілуіне қарамастан, жүргізушілер ережелерге қайшы әрекет етуін тоқтатпайды. Жүргізушілердің ең жиі бұзатын ережесі ұялы телефонды пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау, міндетті сақтандыру полисінің болмауы және ксенон және лед шамдарын орнату, - деді қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Мысалы, Павлодар қаласында, Бұқар жырау көшесінің бойында Тойота Камри автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Тексеру кезінде жүргізушінің көлік тізгіндеуге құқығы жоқ екендігі анықталды. Өйткені ол жүргізуші куәлігін алмаған және оқымаған.
- Жүргізушіге қатысты әкімшілік жаза тағайындалды. Яғни 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, автокөлік айып тұрағына қойылды. Жүргізушінің өзі оның туыстары алкогольді ішімдік ішкендіктен үйлеріне жеткізіп тастауын сұрағанын айтты,- делінген хабарламада.
Ал бұзушыға көлік құралын жүргізуге берген туысына да 50 АЕК айыппұл салумен хаттама толтырылды.