Павлодарда ірі қарыздары бар автокөлік иелері ұсталды

Павлодарда ірі қарыздары бар автокөлік иелері ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көліктер толық қарыз өтелгенге дейін айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласында полицейлер мен сот орындаушылары бірлесіп, әкімшілік айыппұлдар мен өзге де берешектерін төлеуден жалтарған екі автокөліктің жүргізушілерін ұстады. Қарыздың жалпы сомасы 30 миллион теңгеден асты.

Нөмірлерді автоматты түрде анықтау жүйесі арқылы борышкерлерді табу бойынша өткізілген іс-шара кезінде әртүрлі маркалы автокөліктер тоқтатылған. Тексеру барысында олардың иелері қомақты қарызы бар тұлғалар екені белгілі болды.

Иелеріне қатысты тиісті құжаттар рәсімделіп, материалдар сот орындаушыларына жіберілді.

Мұндай рейдтер тұрақты түрде өткізіліп, әкімшілік жауапкершіліктің бұлжымай орындалуын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған.