«Ассамблея жастары» төрағасы: Павлодар – өзін-өзі жүзеге асыру үшін тиімді алаң

«Ассамблея жастары» төрағасы: Павлодар – өзін-өзі жүзеге асыру үшін тиімді алаң
Фото Достық үйі

«Достық үйінде» «Бірлік-единство.kz» жастар форумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің Ассамблея жастарының ұйымдастырумен өткен жиынды аймақ басшысы Асайын Байханов құттықтау сөзімен ашты. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев, облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің төрағасы Рамиль Смаилов және Семей қаласы Alikhan Bokeikhan University «Oner» аддитивті технологиялар орталығының басшысы Әнет Тұрсынжан, «Торайғыров университеті» КеАҚ төртінші курс студенті Төлеген Булкин сөз сөйледі. Бұдан бөлек, барлық аудан мен қала өкілдері қатысты.

Форумға қатысушылар IT технологиялары, additive технологиялары, мемлекеттік тілдің рөлі туралы әңгімеледі.

–    Өңірімізде форум осымен оныншы рет өткізілуде. Мемлекет басшысы жастар заманауи реформалардың негізгі қозғаушы күші деп атап өткендей, қазіргі жастардың жан-жақты ізденіп, ауқымды бастамалар мен нақты жобаларды ұсынып жатқаны аса қуантады. Он жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Бірлік-единство.kz» форумы көпвекторлы диалог алаңына айналарына сенемін, – деді Асайын Байханов.

Тимур Жұмырбаев Павлодар бөлімшесін танымал бренд және жас қазақстандықтардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін тиімді алаң деп атады.

–    Қазақстан халқы Ассамблеясының көптеген жастар бастамаларының Павлодар облысынан басталғаны ерекше қуанышты, – деп атап өтті спикер. – Дәл осы қабырғаларда ҚХА-ның алғашқы жастар ұйымы – этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының үйлестіру кеңесі құрылды.

Сондай-ақ ол «Жастар Ассамблеясын» ЮНЕСКО-ның жаһандық халықаралық жастар қауымдастығына қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Вице-министр болса, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» сөзін мысалға келтіре отырып, елдің ертеңгі өмірі белсенді жастардың қолында екеніне тоқталды.

–    Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың III отырысында «Адал азамат тұжырымдасын ұсына отырып, ұлт сапасын жақсартамыз десек, бірлікпен жаңа құндылықтарды орнықтыру керек» деп айтып өткен болатын. Бұл ретте жастардың бойында білімге құштарлық, еңбекқорлық қасиеттерін дамыту – біздің ортақ мақсатымыз, – деді министрліктің сәлемін ала келген Евгений Кочетов.

Форумға шетелдік студенттер, этномәдени бірлестіктердің белсенділеріненжалпы 150 адам қатысты. Жиын соңында жиналған жастар ойларына түйген сұрақтарын қойып,тұшымды жауаптар алды.