Павлодарда Қаныш Сәтбаевты еске алды

Павлодарда Қаныш Сәтбаевты еске алды
Фото: Валерий Бугаев

12 сәуір – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың дүниеге келген күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғылым күні павлодарлықтар өздерінің ұлы жерлесі, Қазақстан ғылым Академиясының негізін қалаушы, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевты еске алды. 

Аймақ басшысы Асайын Байханов ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінде ғылымның дамуына орасан зор үлес қосқан ұлы ғалым-геологтың бірегейлігі мен ауқымын атап өтті. 

Қаныш Сәтбаев – қазақ даласының ұлы перзенті. Қазақстан ғылымы мен өнеркәсібіндегі теңдессіз жетістіктер оның есімімен тікелей байланысты. Туған халқын өзінен де биік санаған тау тұлғаның есімі мен абыройы, жасаған еңбегі жылдар өтсе де маңызын жоғалтпайды, –  деді аймақ басшысы. 

Қаныш Имантайұлы Баянауыл ауданында өзінің есімімен аталған ауылда дүниеге келген. Ғалымның туған күні 12 сәуір Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні болып бекітілді. 

Геолог ғалым баға жетпес ғылыми жаңалықтар ашты. Оның тікелей басшылығымен ірі мыс, темір және марганец кен орындары ашылып, зерттелді. Ол Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалады. Бір өзі мыңға жуық ғылыми еңбек  жазып қалдырды. 

Қаныш Сәтбаев қазақ тіліндегі алгебра оқулығының алғашқы құрастырушысы. Оның «Ертіс-Қарағанды» су арнасын салудағы табандылығы еліміздің құрғақ өңірлерінің экономикасын көтеруге мүмкіндік берді. Павлодар облысы өзінің жерлесімен мақтанады. Ол – Баянауылда дүниеге келген 28 академиктің тұңғышы.