Павлодарда қолмен сурет басып шығарудан шеберлік сағаты өтті
Шара облыстық кітапханада «PavlodART» бейнелеу өнер фестивалі аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шеберлік сабағына Павлодар көркемсурет колледжінің студенттері мен қала тұрғындары атсалысты. Онда сурет өнерінің шебері, Павлодар көркемсурет колледжінің оқытушысы Раджан Кастенич шеберлік сағатына қызығушылық танытқандарға қолмен сурет басып шығаруды үйретті. Сонымен қатар, тұрғындар өздері де сурет салып көрді.
- Сурет өнерінің бұл түрімен колледжге оқытушы болып кіргеннен бастап айналысып келемін. Қазіргі күнде оқушыларым өздері жеке түрлі эксперимент жасап, бейнелеу өнерінің түрлі саласымен айналысып жүр. Мұндай шеберлік сағатын алғаш рет өткізудемін. Атап өтерлігі, суреттің бұл түрін әртүрлі материалдарға салуға болады,- дейді Раджан Кастенич.
Раджан өзі де көркемсурет колледжінің түлегі. Ол оқу бітірген соң Москвадағы С.Г.Строганова атындағы көркем-өнеркәсіп академиясын тәмәмдаған. Соңғы екі жыл Павлодар көркемсурет колледжінде еңбек етуде.
Іс-шара соңында суретші келушілерге өзінің салған суреттерін қолтаңбасымен тарту етті.
Айта кету керек, «PavlodART» фестивалі аясында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада 6 мамырға дейін түрлі іс-шаралар өткізілетін болады.
Мақсат Көлтай.