Павлодардағы үшінші жылу-электр орталығында қазан жабдығы жаңартылуда
Жұмыс барысында арнайы бу қыздырғыштар ауыстырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда үшінші жылу-электр орталығында жөндеу науқаны бекітілген кестеге сай жалғасуда. Станцияда барлығы алты қазан агрегаты жұмыс істейді. Биылғы жөндеу науқаны аясында қазан цехының негізгі жабдықтары кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Жоспарға сәйкес үш қазан агрегатына күрделі жөндеу жүргізілсе, тағы бір агрегатта кеңейтілген ағымдағы жөндеу орындалады.
Үшінші жылу-электр орталығының қазан цехы жөндеу жөніндегі бастығының орынбасары Сергей Стрельцовтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар жабдықтың сенімділігін арттыруға және оны жөндеусіз пайдалану мерзімінде тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Қазіргі уақытта бесінші қазан агрегатында бу қыздырғышты ауыстыруды қамтитын күрделі жөндеу жалғасуда. Бұл жұмыстар жабдықтың сенімділігін арттырып, жөндеусіз пайдалану кезеңінде оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажет. Барлық операциялар жоспарға сай жүргізілуде, кестеден кешігу жоқ, – деді Сергей Стрельцов.
Жөндеу науқаны станцияны алдағы жылыту маусымына дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Атқарылып жатқан жұмыстар негізгі жабдықтардың сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін өңірдегі жылу-электр орталықтары энергия көздерді жоспарлы жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізе бастаған еді.