Павлодарда нөсер канализациясын салуға қанша қаражат қажет?
Қалада жауын-шашынның салдарынан жиналып қалатын суды жылдам ағызып жіберу үшін кәріз жүйесі қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
7 шілде күні Павлодарда жауған жауын салдарынан қала көшелерін су басып, жол қозғалысы қиындады. 10-нан астам арнайы техника су сору жұмыстарына жұмылдырылып, жағажайдағы тротуар тақталары опырылып қалған.
Облыс әкімінің айтуынша, кәріз құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі тамыз айында дайын болған соң мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Құжат қазан айында дайын болады деп жоспарлануда. Енді тек жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және жобаны жүзеге асыру қалды.
– Мен бюджеттен қажетті инвестиция көлемін есептеуге қорқамын. Себебі нөсер канализациясы қала құрылып жатқанда салынады. Негізі бұл көшелер 70-ші жылдары салынған кезде нөсер кәрізін салу керек еді. Менің ойымша, тіпті бірінші кезеңнің өзінде шамамен 30-40 миллиард теңге қажет. Әрине жергілікті бюджетте мұндай қаржы жоқ, – дейді облыс әкімі.
Аймақ басшысының сөзінше, үлкен су ағыны Қамзин, Катаев, Сәтбаев, Астана сынды көшелерде жиналып қалады.