Павлодар қаласында жылу жетіспеушілігі болмай ма
Қалада жылумен қамту сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылатыны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтып берді.
Өз сөзінде аймақ басшысы қалада жаңа үйлердің салынуына байланысты жылу тапшылығы болмай ма деген сұраққа жауап бере кетті.
- Әрине, Павлодар қаласы өте қатты өсіп келе жатыр. Жаңа үйлерге сұраныс болмаса оны ешкім салмаушы еді. Ол үйлерді сатып алып жатқан өзіміздің тұрғындарымыз. Жалпы, қазір жағдайлары бар адамдардың көбі және дұрыс айлық алатын адамдар жаңа үйлерді алғысы келеді, - деді Асайын Байханов.
Сондықтан қалада жылу тапшылығын жою үшін 1-ЖЭО-да қазандық жаңартылады. Ол үшін ERG тобымен келісім жасалуда.
- 1-ЖЭО-да №3 қазандықтың бойлерін жаңарту жүргізіледі. Ол қалаға 112 гигакалория жылу қуатын береді. Ал, «Достық» шағын ауданы толық салынғанда 60 гигакалория жылу тұтынады. Жаңарту жұмысы ендігі жылы басталып, сол жылы аяқталады. Бұл 112 гигакалория кемінде 3 жыл немесе 2028 жылға дейін жылу тапшылығын жояды, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы одан басқа, 1-ЖЭО-да 2 жаңа қазандық салынатынын атап өтті. Жұмысы 2025-2026 жылдары басталмақ.
- Мен Александр Машкевичпен кездесіп, талқыладым. 2 жаңа қазандық салатын болды. Ол оңай жұмыс емес, өйткені 1 қазандық орташа бағамен алғанда 35 миллиард шығады, 2 қазандық 70 миллиард теңгені құрайды, - деді Асайын Байханов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Павлодар қаласында соңғы 30 жылда жасалмаған жөндеу жұмысы жасалатынын айтты. Ол кварталішілік желілерді жаңарту.
- Биыл 4 аулада жаз бойы ыстық су болмайды. Аулаішілік желілерде құбырлар ауыстырылады. Мердігер белгіленген, жұмысты сәуір айының 15-нен кейін бастайды. Бұған Затон шағын ауданы, Назарбаев-Естай қиылысында оң жағындағы үлкен аула кіреді. Жалпы, бұндай жұмыстар жылдан жылға өсе береді, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Павлодар қаласында 15 сәуірде жылу беру тоқтағаннан кейін гидравликалық сынақтар жүргізіледі. Мамыр бойы сынақтардан кейін анықталған зақымдарды жою жұмыстары жүреді. 1 маусымға қарай қаладағы көпқабатты үйлердің 95% ыстық сумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Фото: Константин Шелков