Павлодарда үшінші қабаттан күшікті лақтырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты
№ 2 қалалық сотта 1969 жылғы қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс материалы бойынша, ешбір жерде жұмыс істемейтін тұрғын өз үйінің үшінші қабатынан терезеден қарап тұрған сәтте күшікті көріп қалып, пәтеріне алып келген. Алайда күшіктің дәрет сындырғанын көрген ол ашуға бой алдырып, үшінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Салдарынан биіктіктен құлаған күшік өліп қалған және бұл жағдай «Сердца Павлодара» қоғамдық қорының ветеринарлық дәрігерінің қорытындысымен расталады. Болған жайтты көрген көршілері полиция шақырған.
– Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, ішімдік ішкенін және жасаған ісіне өкінді. Ветеринарлық-медициналық сараптама қорытындысы иттің өлексесін ашқан кезде ішкі органдардың жарылып кеткенін, көптеген жарақат алғанын көрсетті. Қылмыстық құқық бұзушылық ҚР ҚК 316-бабы, 2-бөлігі – «Жануарға оның өліміне алып келген қатыгездікпен қарау» бойынша халықтың денсаулығы мен адамгершілікке қарсы әрекет болып саналады, – деп жазылған сот үкімінде.
Сот жазаны тағайындау барысында ер адамның бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын және өз кінәсін мойындап, өкінгенін ескеріп, ҚР ҚК 316-бабы, 2 бөлігі бойынша 80 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту жөнінде шешім шығарды. Сондай-ақ үкім заңды күшіне енген соң он күн ішінде тұрғылықты жері бойынша есепке тұру үшін пробация қызметіне келу міндеттелді.