Павлодарда ұландықтар мас күйінде қару асынған азаматты ұстады
Жеке мәліметтерін тексеру барысында ұсталғандар арасында бұрын істі болғандары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 22.30 шамасында қалалық жедел бақылау орталығына Қамзин көшесі бойындағы үйлердің бірінде подъезд ішінде белгісіз біреулер спирттік ішімдік ішіп, тұрғындардың мазасын алғаны туралы шағым түскен. Қала тыныштығын күзету барысында 5512 әскери бөлімінің сақшылары дереу аталған мекенжайға келіп, күдіктілдерді тәртіпке шақырады.
– Алкогольдік ішімдікке масайған азаматтардың құжаттарын тексеру барысында 1987 жылғы азаматтың асынған қара сөмкесі күдікті көрінген. Ұландықтар бірден полиция қызметкерлері мен куәгерлерді шақырып, сөмкені тексеру кезінде «Байкал» тегіс ұңғылы қаруы жатқандығы белгілі болды, – дейді баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.
Қаруды не үшін алып жүргендігін анықтау үшін ұсталғандар Павлодар қалалық солтүстік полиция бөліміне жіберілген. Олардың жеке мәліметтерін тексеру барысында арасында бұрын істі болғандары бар болып шықты.