Павлодарда әлеуметтік кәсіпкерліктің бүгіні мен ертеңі талқыланды

Павлодарда әлеуметтік кәсіпкерліктің бүгіні мен ертеңі талқыланды

Ауқымды шараға өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Достық үйінде» өткен дөңгелек үстелге Қазақстан Халық партия депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан, Қазақстанның әлеуметтік инноваторлары қауымдастығының президенті Гүлмира Пармашева, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірі - Эмин Аскеров және жергілікті атқарушы ұйымдардың басшылары мен әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты. 

Кенжеғұл Сейтжан сөз барысында әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызына тоқталып, БҰҰ құрылымдарын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар бұл бағыттың дамуына айтарлықтай ресурс құйып жатқанын айтты.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік – жай ғана бизнес-модель емес. Бұл нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған жүйелі өзгерістер тетігі. Елімізде осы тақырыптың қарқын ала бастауы қуантады. Соңғы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлікті Президентімізден бастап барлық министрлер қолдауда. Сондықтан біздің бұл саланы дамыту жолында аянбай еңбек етуіміз маңызды, – деді депутат.

Сонымен қатар халық қалаулысы дәл осы салаға қатысты салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі әлі де өзекті болып қала беретінін атап өтті. Бұл кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде маңызды екенін тілге тиек етті. 

– Әлеуметтік кәсіпкерлердің жұмысы өте күрделі. Елімізді бұл кәсіп түрі бірқалыпты дамып келеді деп айта алмаймыз. Яғни кей облыстарда даму қарқынды болса, өкінішке қарай, кей аймақтарда кенжелеп қалуда. Жалпы, әлеуметтік кәсіпкерлік бұл - жай тренд емес, елге қызмет ететін азаматтар. Сондықтан үлкен қолдауды қажет етеді, – деді ол.

Мәжілісмен әріптестеріне пайдалы бастамалары үшін алғыс білдіре отырып, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін дамушы орта қалыптастыруға шақырды.

Ал Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірі - Эмин Аскеров әлеуметтік кәсіпкерліктің Астана қаласында қарыштап дамып келе жатқанын айтты.

– Осыдан 4 жыл бұрын Мемлекет басшысы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заңға қол қойған болатын.   Негізгі басты міндет — оның дамуын күшейту, себебі ол ең алдымен мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешеді, – деді кәсіпкер.

Әрі кәсіпкер осы кемшілікті жоюдың негізгі бағытын атап көрсетті. Ол - әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсету және өзекті мәселелерді өзара шешу мақсатында талқылау қажеттігін айтты. 

– Мысал ретінде Астана қаласының әкімдігін атап өтуге болады. Олар грант бөлуден бастап, ақпараттық насихат пен пиарға дейін қолдау көрсетеді. Әкімдік желісі бойынша гранттар мен «Даму» қоры желісі бойынша несие беру бар. Ең алдымен ақпараттық қолдау мен пиарды күшейту, тәжірибе алмасуды арттыру және оқыту қажет, – деді ол.

Павлодар облысы қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. 

Мәселен, 2024 жыл бойынша грант аясында 8 кәсіпкерге қолдау көрсетілді, олардың 5-еуі әлеуметтік кәсіпкерлер. Жалпы сома 21 миллион теңгеден астам. Жобаларды іске асыру барысында 13 жұмыс орны құрылды. Ал 2025 жылдың қараша айында жалпы сомасы 40 миллион теңге болатын 8 бизнес-жоба мақұлданды, оның 6-ауы – әлеуметтік кәсіпкерлер. Жобаларды жүзеге асыру кезінде 18 жұмыс орны ашылған.