Павлодарда әскери техникалар жауынгерлік ұрысқа дайын
Олардың жауынгерлік әзірлігі, ұрысқа жарамдылығы мен күтім жағдайы арнайы тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін жылдағы дәстүр бойынша Ұлттық ұланның қолбасшылыққа қарасты 5512 әскери бөлімінің техникасы, қару-жарақтары, байланыс құралдары және химиялық-биологиялық қорғаныс мүліктерінің сапасы бағаланды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының техника және қару-жарақ басқарма қызметінің бастығы полковник Арсен Шаймардановтың айтуынша, шара үш күнге созылып, бөлімдегі барлық техникалардың, қару-жарақ пен оқ дәрілердің іске жарамдығы тексеріліп, сынға салынды.
– Автополитуралық техниканың құрамы мен әскери техникалар, қару-жарақтар мен оқ-дәрілер де тексеріледі. Осы ретте Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жауынгерлік әзірлігі, жеке құрамды дер кезінде діттеген жеріне жеткізетін әскери техникалардың дайындығы өте маңызды екенін айта кеткен жөн, – дейді комиссия мүшесінің төрағасы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, полковник Азамат Ғабдуллин.
Тексеріс қорытындысы бойынша Павлодар гарнизонындағы Ұлттық ұлан әскери техникалары ұрысқа дайын, кез-келген жауынгерлік тапсырманы орындауға әзір деп бағаланды. Жылдық тексеріс барысында әскери көлік жүргізушілерінің де кәсіби біліктілігі тексерілді.
Айта кетейік, мұндай байқаулар Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде жыл сайын өткізіліп тұрады.