Павлодарда өрт сөндірушілер биіктікте жұмыс істеу машықтарын жетілдірді

Павлодарда өрт сөндірушілер биіктікте жұмыс істеу машықтарын жетілдірді
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Барлық жаттығулар қауіпсіздік талаптарына сай өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар кәсіби шеберліктерін тұрақты түрде шыңдап отырады. 

– Кезекті оқу-жаттығулар барысында өрт сөндірушілер үш тізбекті жылжымалы және шабуыл сатыларын пайдаланып, оқу мұнарасына көтерілу мен біріктірілген көтерілу тәсілдерін пысықтады. Сонымен қатар биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын бекітіп, іс-қимыл үйлесімділігін арттырды, – делінген хабарламада.

Сабақтар Павлодар қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында өтті. Іс-шараның мақсаты – өрт сөндірушілердің биіктікте жұмыс істеу кезіндегі машықтарын жетілдіру және өртке қарсы-құтқару даярлығының деңгейін арттыру.

Мамандардың айтуынша, мұндай жаттығулар кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін сақтауға және жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде сенімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Барлық іс-шаралар нормативтік талаптар мен қауіпсіздік шараларына сәйкес ұйымдастырылды.