Павлодардағы қазақ театры ерекше қойылымның премьерасын ұсынды
Ол - Шәкәрім Құдайбердіұлының "Ұждан" әңгімесінің желісінде сахналанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының репертуары тың туындымен толықты. Қазақ өнерінің қарашаңырағының бас сахнасында ақын, жазушы, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Ұждан» /әфсана/ қойылымының премьерасы көрерменге жол тартты.
- Қойылымның негізгі өзегі «ар, ұят, ынсап, намыс» жайлы баяндайды. Ақын Шәкәрімді толғандырған адами құндылықтар бұл күнде де жұтаңданып, жаһандану дәуіріне жұтылып барады. Бұл тақырып қай дәуірде де өзектілігін жоймақ емес, - деді актер Бауыржан Манатбекұлы.
Тың туындының режиссері Мәскеу қаласынан арнайы келген Азамат Нығманов.
Бұл қойылымның негізгі ерекшелігі мұнда бас кейіпкер деген атымен жоқ. Актерлер бір деңгейде, түрлі образдарды сомдайды. Павлодарлықтарды ойландырып, әрі тамаша әсер сыйлаған туындыдан театрдың барлық актерін көруге болады.
Бастысы көрермен басбармақпен баға берді.
Айта кетелік, қойылымның пластикалық шешімі мен биін қоюға Мәскеу қаласының ең үздік хореографы Илья Подчезерцев арнайы келген.
Тың туындыны бүгін көріп үлгермеген павлодарлықтар ертең тамашалай алады.
Прьемера 25 наурыз күні сағат 17:00-де болады.