Павлодардың ауасын тазартудың амалдары ұсынылды
Олардың саны үшеу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалында экология және қоршаған ортаны қорғау бойынша үш бірдей комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Облыстық қоғамдық кеңес жанындағы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша комиссияның төрағасы Владимир Берковский шағын қазандықтарды жылытуды көмірден сұйық мұнай газына ауыстыруды ұсынды.
- Қаладан тыс орналасқан ірі кәсіпорындардың зиянды шығындылары желмен қаланың сыртына қарай ұшса, шағын кәсіпорындар мен жеке меншік сектор түтіні қаланың ішінде қалады. Бұл желсіз күні қатты сезіледі. Оң мысалдар бар. Мәселен, «Сүт» АҚ қоғамы осыдан бірнеше жыл бұрын ауаны ластайтын мазуттан газға көшті. Келесі кезек өзге кәсіпорындарда, - дейді Владимир Берковский.
Жер үйлерге келсек, мұнда ұсынатын екі жол бар: газға көшу немесе электр жылу жүйелерін орнату. Газға көшу тек «Сарыарқа» құбыры Павлодарға созылған жағдайда жүзеге асады. Ал электр тоғының күшімен үйлерді жылыту үшін тұрғындар дифференциалды тарифтің қайта енгізілгенін күтуі тиіс. Айталық, бұл мәселе қазір қарастырылу үстінде.
Экологияны жақсартудың тағы бір амалы – тас көмірдің орнына күлді аз шығаратын көмірді пайдалану. Ол тас көмірден гөрі шығындыны екі есе аз шығарып, жылуды молырақ береді. Бірақ, оның бағасы жоғары. Партиялықтар күлді аз шығаратын көмірді пайдалану үшін субсидия бөлуді ұсынды.
Қалалық мәслихат төрағасы Қобыланбек Қожин болса, аталмыш ұсыныстарға сыни көзқараспен қарады. Оның пікірінше, мұнай газының қоры шектеулі және ол кіші қазандықтар мұқтаждығын өтей алмайды. Көмірді алмастыру мәселесіне келгенде депутат халықтың бағасы қымбатырақ отынды сатып ала алатынына күмән келтірді.
Өңірімізде 147 кіші қазандық жұмыс істейді, олардың 98-і Павлодарда орналасқан. Облыс орталығында 13 мың жер үй бар. Осы аталған нысандарға облысымыздағы зиянды шығындылардың 5%-ы келеді.
Фото: автор