Павлодарлық ғалымдар астық ауруларын ерте анықтайтын жүйе әзірлеуде

Павлодарлық ғалымдар астық ауруларын ерте анықтайтын жүйе әзірлеуде
Фото: Константин Шелков

Ғалымдар зиянкестерді ЖИ арқылы анықтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоба аясында Торайғыров университетінің зерттеу тобы гиперспектралды және мультиспектралды зондтау технологияларын қолданады. Бұл әдіс өсімдіктердің биофизикалық және биохимиялық қасиеттерін талдауға мүмкіндік береді. Алынған деректер арнайы бағдарламаларда өңделіп, жүйе арқылы ауру мен зиянкестердің түрлері автоматты түрде анықталады.

Ғалымдар зерттеу барысында DJI дрондарын және 400-1000 нанометр диапазонында жұмыс істейтін гиперспектралды камераларды пайдаланады. Камералар өсімдіктердің жарықты шағылыстыру қабілетін тіркеп, көзге көрінбейтін өзгерістерді анықтайды.

Мәліметтер шведтік «Breeze Predict» бағдарламасында өңделеді. Бұл бағдарлама әр дақылдың спектралды ізін талдап, ауру белгілерін ерте кезеңде көрсетеді. Осындай тәсіл дәстүрлі агротексерістерге қарағанда әлдеқайда тиімді және уақтылы шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жоба жаздық бидай мен арпа дақылдарына бағытталған. Зерттеу барысында ғалымдар егістіктерде жиі кездесетін түтік, септориоз, фузариоз, ұнтақты зең және тамыр шірігі сияқты ауру түрлерін талдап отыр. Бұл аурулар өнім сапасын айтарлықтай төмендетеді, сондықтан ерте диагностика – басты басымдық.

Биология және экология кафедрасының профессоры, PhD докторы Римма Уәлиеваның айтуынша, гиперспектралды талдау өсімдіктің ауруға бейім бөлігін дрон ұшырмай тұрып-ақ компьютерлік модель арқылы анықтай алады.

– Жүйе ауру белгілерін көзге көрінбей тұрып-ақ есептейді. Нәтижесінде фермер тек нақты өңдеуді қажет ететін учаскіге ғана дәрі себеді, бұл ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Жобаға IT-мамандар, биологтар мен жас ғалымдар тартылған. Олар бірге веб-платформа мен онлайн оқыту жүйесін құрып жатыр. Бұл жүйе фермерлерге гиперспектралды түсірілімдерді өз бетімен талдауды үйретеді.

Зерттеу нәтижесінде ғалымдар қазақстандық ауыл шаруашылығы аурулары мен зиянкестері бойынша деректер базасын жасақтап, болашақта оны коммерцияландыруды көздеп отыр. Бұл база егіс жағдайын мониторингтеудің ұлттық жүйесіне айналуы мүмкін.

Шаһар ғалымдары өз жобаларын Қытай және Швеция университеттерінің зерттеушілерімен бірлесе жүзеге асыруда. Мұндай әріптестік технологияны дамыту мен талдау дәлдігін арттыруға жол ашады.

Жоба гранттық қаржыландыру шеңберінде орындалып жатыр. Бірнеше бағыт бойынша жалпы көлемі 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл қаражат жабдық алуға, деректерді өңдеу жүйесін жетілдіруге және оқыту бағдарламаларын әзірлеуге жұмсалуда.

Гиперспектралды технология – Қазақстан үшін әлі жаңа бағыт. Дамыған елдерде ол негізінен жергілікті деңгейде қолданылады. Ғалымдардың мақсаты – осы әдісті елдің аграрлық жүйесіне толық енгізу.

Профессор Римма Уәлиева мұндай зерттеулердің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретініне сенімді. Оның сөзінше, болашақта жасанды интеллект пен дрондар фермерлердің басты көмекшісіне айналады.

Шаһар ғалымдарының бастамасы еліміздің аграрлық секторын технологиялық тұрғыдан жаңартуға бағытталған. Гиперспектралды талдау мен жасанды интеллекттің үйлесімі өсімдіктердің жағдайын нақты бағалауға, ауруларды алдын ала анықтауға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл шаруашылығындағы жаңа дәуірдің бастауы.

Фото: Диана Вакулина