Павлодарлықтар Құрылтай сайлауы туралы нені білуі керек?
Павлодар өңірінде маңызды саяси науқан - Құрылтай сайлауына дайындық қызу жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы ретте павлодарлық сайлаушылардың назарына ең маңызды деген екі сауалдың жауабын ұсынуды жөн көрдік
Құрылтай сайлауы қалай өтеді?
Құрылтай сайлауы – халықтың мемлекеттік билікті жүзеге асыруының маңызды конституциялық институттарының бірі. Бұл саяси институт заң шығару билігін жүзеге асыратын еліміздің жоғары өкілді органы ретінде мемлекеттің құқықтық жүйесінде ерекше орын алады. Оның басты мақсаты – халықтың еркін білдіру, заңдарды қабылдау, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу және мемлекеттік биліктің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сондықтан Құрылтайды қалыптастыру тәртібі Конституциямен және конституциялық заңнамамен жан-жақты реттелген.
Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады. Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай еліміздің жоғары өкілді заң шығарушы органы және оның депутаттары жалпыұлттық сайлау арқылы сайланады. Құрылтайға сайлау бірнеше өзара байланысты кезеңдерден тұрады. Бірінші кезең – сайлауды тағайындау. Екінші кезең – кандидаттарды ұсыну және тіркеу. Тіркеуден өткеннен кейін сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Келесі кезең – дауыс беру. Әр азамат дауыс беру кабинасында ешкімнің ықпалынсыз өз таңдауын жасап, бюллетеньді сайлау жәшігіне салады. Дауыс берудің жасырын түрде өткізілуі сайлаушының еркін таңдау жасауына және оның саяси еркінің қорғалуына кепілдік береді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін учаскелік сайлау комиссиялары сайлау жәшіктерін ашып, берілген дауыстарды санайды және нәтижелерді арнайы хаттамамен рәсімдейді. Кейін бұл мәліметтер жоғары тұрған сайлау комиссияларына жолданып, қорытынды нәтижелер анықталады. Ресми қорытындылар жарияланғаннан кейін Құрылтайдың жаңа құрамы қалыптасады және депутаттардың өкілеттігі басталады. Сайланған депутаттардың құқықтары мен міндеттері де Конституцияда нақты белгіленген.
Сайлауда дауыс беру мүмкіндігі дегеніміз не?
Бұл - қоғам мүддесін білдіретін өкілдерді таңдап, ел өміріндегі елеулі шешімдердің қабылдануына үлес қосуға мүмкіндік алатын маңызды күн.
Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір кәмелетке толған азаматтың сайлау құқығына кепілдік береді. Сондықтан әр азамат өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне қатысты азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды мүмкіндік әрі тарихи күн.
Сайлау - азаматтардың өз еркін білдіріп, елдің қоғамдық-саяси дамуына қатысуының заңмен бекітілген мүмкіндігі. Дауыс беру арқылы тұрғындар қоғам мүддесін қорғайтын өкілдерді таңдауға атсалысады. Сондықтан сайлауға белсенді қатысу - азаматтық жауапкершілік, ертеңіміз үшін батыл әрі ерікті таңдау жасау мүмкіндігі.