Павлодарлық құтқарушылар су айдындарындағы бақылауды күшейтті

Павлодарлық құтқарушылар су айдындарындағы бақылауды күшейтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұз астына түсіп кету және қар құрсауында қалу фактілері жиілеп кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жазатайым оқиғалардың алдын алу және су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған белсенді профилактикалық жұмыс жүргізілуде. 

Рейдтік және түсіндіру іс-шаралары барысында азаматтарға қысқы кезеңде су айдындарында қауіпсіз жүріс-тұрыстың негізгі қағидалары еске салынады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат жеткізіледі. Автокөлік құралдарының арнайы жабдықталған және рұқсат етілген өткелдерден тыс мұзға шығуына жол бермеуге ерекше назар аударылады, – делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, азаматтар, ең алдымен қысқы балық аулауды ұнататындар, қауіпсіздік шараларын елемей, өз өмірлеріне ғана емес, айналасындағылардың, соның ішінде төтенше жағдайда көмекке келетін құтқарушылардың өміріне де қауіп төндіретінін түсінуі керек.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар айында балықшылар дауылды ескертулерді елемей, қолайсыз ауа райында су қоймаларына барған кезде екі оқиға тіркелді. 

Бір жағдайда адамдар мінген көлік қарда қалып қойса, екіншісінде көлік мұздың астына түсіп кеткен. Демалыс күндері жүргізілген рейдтердің қорытындысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша су айдынының мұзына шығуға тыйым салу туралы қауіпсіздік талаптарын бұзған жүргізушілерге қатысты төрт әкімшілік хаттама толтырылды, – деді ведомствода.

Құтқарушылар қысқы кезеңде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау – бұл өмір мен денсаулықты сақтаудың кепілі екенін еске салады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу «112» нөмірі бойынша хабарласу қажет.