Павлодарлық «ҚазАвтоЖол» экс-қызметкерлері пара алғаны үшін сотталды

Павлодарлық «ҚазАвтоЖол» экс-қызметкерлері пара алғаны үшін сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сотталушылар кінәсін мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

№2 қалалық сотта «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының бұрынғы қызметкерлері: директор мен бас маманға қатысты қорқыту жолымен ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 366-б. 3-б. 1-т.).

Іс материалдары бойынша 2023 жылдың 29 маусымында «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ экс-директоры мен филиалдың бұрынғы бас маманы мердігерден жалпы сомасы 4 миллион теңге пара алған. Сотталушылар мердігерді Павлодар-Астана автожолын күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзамыз деп қорқытып, орындалған жұмыстардың актісіне қол қоюдан бас тартқан. 

Сондай-ақ,  «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ экс-директоры лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша айыпталды (ҚК 361-б. 4-б. 3) т.). Алайда ол қылмысқа қатысуы туралы дәлелдемелердің болмауына байланысты ақталды.

Сотталушылар кінәларын толығымен мойындамай, ақтауды сұрады.

– Сот жеңілдететін мән-жайларды, асырауында жас балалардың болуын ескере отырып, экс-директорға сегіз жыл бас бостандығынан айыру, ал бұрынғы бас маманға жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деді Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметінде. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, былтырғы жылдың шілдесінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті транспорттық прокуратурамен бірге павлодарлық филиал басшылығы мен қызметкерлерінің жемқорлық әрекеті үшін ұстады.  Олар аймақтағы кәсіпкерден аса ірі көлемде қаржы бопсалады деген күдікпен қамауға алынған болатын.