ТЖМ мен «Ертіс Медиа» медиа холдингі меморандумға қол қойды
Құжат журналистермен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodatnews.kz.
ТЖМ басшысы Сырым Шәріпхановтың облысқа жұмыс сапары кезінде Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Ертіс Медиа» Павлодар өңірлік медиахолдингі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Меморандум министрлік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара іс-қимылға қатысты: бұл – мәліметтерді объективті және жедел беру, тұрақты тығыз ынтымақтастық, – деп атап өтті министр.
Министрлік тараптардың келісімі бойынша медиахолдинг журналистеріне өз қызметі туралы ақпараттық-талдамалық деректер беретін болады. Ықтимал табиғи және техногендік төтенше жағдайлар кезінде Павлодар корреспонденттері ақпарат жариялау үшін оқиға орнына бара алады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс Медиа» медиа холдингіне Pavlodarnews.kz өңірлік ақпараттық агенттік, «Saryarqa samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттері, Halyq radyosy радиосы, «Найзатас» журналы кіреді.