Павлодарлық ҚЭЗ-де жұмыскерлердің 30 пайыздан астамы – студенттер

Павлодарлық ҚЭЗ-де жұмыскерлердің 30 пайыздан астамы – студенттер
Фото: Константин Шелков

Студенттерді практикадан кейін жұмысқа дуалды оқу түріне қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ-да 2 335 қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – кәсіптік бағдар беру. Зауыт құрылысы кезінде Павлодар қаласының колледждері және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істей бастады.  

Бүгінде кәсіпорында бейінді мамандықтардың студенттері оқу бітіргеннен кейін зауытта жұмысқа орналасу мүмкіндігімен ақылы практикадан өтеді. Тек соңғы үш жылда 200-ден астам студентке ақылы өндірістік тәжірибеден өту үшін орындар берілген.

– Біз колледждер мен жоғары оқу орындарына барып, студенттермен кездесіп, практикаға шақыру жұмыстарын өткіземіз. Олар да зауытқа келіп, жұмыспен таныса алады. Бүгінгі таңда жұмысшылардың 30-35 пайызы практикадан кейін қалып қойып, еңбек етіп жүргендер, – дейді Қазақстан электролиз зауытының технологиялық инженері Аян Абдрахманов. 

Кәсіпорында қызметкерлерге барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Қызметкерлер жұмысқа және жұмыстан үйлеріне ыңғайлы автобустармен жеткізеледі. Жұмысшылардың тілектерін ескере отырып, жасалған 18 бағыт бойынша күндізгі және ауысымдық қызметкерлерді тегін тасымалдайды. Маршруттар қаланың барлық учаскелерін, соның ішінде ең шалғай аудандарды да қамтиды. 

Бұдан бөлек, зауытта тиімді әлеуметтік бағдарламалар да қарастырылған. Көптеген жобалар қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған. 2012 жылдың сәуірінде 10 қабатты 138 пәтерлі үй пайдалануға берілген. 2021 жылы 82 қызметкер өз пәтерлерінің кілтін алды. Биылғы жылы 75 қызметкер баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ тапшы және негізгі кәсіптердің өкілдері бар.