Павлодарлық қыз-келіншектерді әйелдер форумына қатысуға шақырады

Аталмыш іс-шараға арнайы ҚМДБ Әйел-қыздар сектор меңгерушісі Динара Нұрғалиева қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
27 ақпанда сағат 10:00-де Жастар бастамаларын қолдау орталығының үлкен залында «Қазақ қоғамындағы тарихта есімі қалған аналарымыздың келбеті» атты әйелдер форумы ұйымдастырылады.
– 2025 жыл – «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияланды. Осыған орай, арнайы 16 жылдық тәжірибесі бар филолог, теолог, ұстаз Динара Нұрғалиеваның қатысуымен форум өтеді, – дейді «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Ақерке Тұрғынбай.
Жиынға өңіріміздің ақ жаулықты аналар қауымы, бас имам Жолдас Қоспақұлы қатысып, тәрбие беруде қазақ аналарының қосатын үлесінің өте зор екені жайлы ой өрбітеді.
Шара барысында ұлт тарихында орны бөлек аналар бейнесі, қазақ әйелінің көркем образы айқындалып, бүгінгі күнгі әйелдер қауымына үлгі алар тұстары сөз етіледі. Шариғат пен дәстүрді біріктіре отырып, әйел жамағатына үгіт-насихаттар жасалады. Әдеп, тәрбие, тектілік, парасаттылық, үлкенге құрмет, сыйластық секілді асыл қасиеттер жиынның өзегіне айналады.