Павлодарлық ұрылар қандай пәтерлерді таңдайды?

Павлодарлық ұрылар қандай пәтерлерді таңдайды?
Фото: Константин Шелков

Олар тоғызыншы қабаттан да қорықпайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста пәтер ұрлығының басым бөлігі алдын ала дайындықпен жасалады.  Қылмыскерлер кездейсоқ әрекет етпейді. Алдымен бірнеше күн бойы тұрғын үйді бақылап, иелерінің күнделікті әдеттерін зерттейді.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Владислав Ермолаевтың айтуынша, ұрылар ең алдымен ауданның ерекшелігін назарға алады. Олар бейнебақылау камераларының орналасуын, адамдардың қозғалыс қарқындылығын және тұрғындардың үйде болатын уақытын анықтауға тырысады.

Көбіне бірінші және екінші қабаттағы пәтерлер нысанаға алынады. Әсіресе, терезелері аулаға қарайтын, сырт көзден тасаланған үйлер қылмыскерлер үшін қолайлы саналады. Терезе маңындағы қалың бұталар мен ағаштар да ұрылардың назарын аударады, өйткені мұндай жерлерде олардың әрекетін байқау қиынырақ, – дейді ол.

Владислав Ермолаевтың деректеріне сәйкес, пәтер ұрлықтарының шамамен 75-80 пайызын бұрын осындай қылмыс жасаған адамдар жүзеге асырады. Сондықтан құқық қорғаушылар бұл санаттағы құқық бұзушыларды тұрақты бақылауда ұстайды.

Есте қалған оқиғалардың бірі көпқабатты үйдің тоғызыншы қабатында тіркелген. Қылмыскерлер балкон арқылы пәтерге кіріп, үй иесінің жоқ екенін алдын ала анықтаған. Белгілі болғандай, олар тұрғынның демалыста жүргенін әлеуметтік желідегі жарияланымдар арқылы білген.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарға сапар кезінде әлеуметтік желілерде нақты уақыт режимінде қай жерде жүргені туралы ақпарат жарияламауға кеңес береді.  Демалыс туралы суреттер мен бейнематериалдарды үйге оралғаннан кейін жариялау қауіпсіздік тұрғысынан тиімдірек.

Еске сала кетейік, өңірде пәтер ұрлығы азайғанымен, жаз мезгілінде баспаналарды қараусыз қалдыруға байланысты ұрлық қаупі әлі де өзекті болып отыр.