Павлодарлық ұстаз Елдос Сметовке қалай арнау жазғанын айтып берді

Павлодарлық ұстаз Елдос Сметовке қалай арнау жазғанын айтып берді
Сурет Оразбек Бақытханның парақшасынан алынды

Ол спортшының жеңісіне емес, тәрбиесіне тәнті болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М.Әлімбаев мектебі басшысының орынбасары, «Жебе» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ақын Оразбек Бақытханның айтуынша, ол ұстаз ретінде Елдос Сметовтың әлемдік чемпион бола тұрып, алтынды қолына алып тұрған сәтінде эмоцияға берілмей, өз ойын нық жеткізгеніне тәнті болған.

– Жеңістен кейін сұхбат берген кезінде Елдостың салмақтылығы мен тәрбиесі мені ерекше тәнті етті. Ол 2015 жылы әлем чемпионы болған кезінде Жақсылық Үшкемпіров атамыздың қолынан тамақ ішіп, батасын алғанын айтты. Үшкемпіров атындағы аренада дайындалып, жаттығудың бәрін сонда өткізген. Спортты тастаймын деген кезінде ойынан қайтарып, ең бірінші ынталандырған ата-анасын қайта-қайта еске алды. Осының бәрі мені ерекше тәнті етті, – деді ол.

Олимпиада чемпионының қарапайымдылығы мен сөз саптауына сүйсінген ақын алғашқы өлең жолдарын жаза бастаған.

– Мен оның жеңісіне емес, тәрбиесіне тәнті болдым. Елдос олимпиаданың қоласын да алды, күмісін де алды. Енді, міне, алтынға қол жеткізіп, үлкен жетістікке жетіп тұрса да, кеуде соғып мақтанбады. Осыдан әсерленіп, «Жақсылық атамның жалғасы, жеңісті жеңіске жалғашы» деген өлең жолдары келді. Оны домбырамен әуенге, ырғаққа салып, ән өз тұсауын кесті, – дейді  Оразбек Бақытхан.

Айта кетерлігі, ақын «Ұмытшы мені, жарай ма?», «Жас ұстаздар ұраны» әндерінің авторы. Оның айтуынша, соңғысы қазірде ұстаздар арасында кеңінен таралып, хитқа айналып кеткен. Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әнмен өз парақшасында бөліскен. Сонымен қатар, ұстаздар ұраны XV кәсіподақтар съезінде шырқалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін дүниежүзілік олимпиада ойындарында 66 келі салмақ дәрежесінде күресіп, алтын жүлде иегері атанған Елдос Сметовке арналған арнаудың мәтіні жарияланған болатын. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от qaz.pavlodarnews.kz (@qaz.pavlodarnews.kz)