Павлодарлық 94 жастағы қария дауыс беруге дайын
Еңбек ардагері Құрылтай сайлауы қарсаңында халқына ақ тілегін арнап, жастарға аманатын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданы Майқайың кентінің тұрғыны, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Мұхтар Зәпішұлы Әбенов бүгінде 94 жаста.
Ғасырға жуық ғұмырында елмен бірге есейіп, халқымен бірге талай кезеңді өткерген ақсақал алдағы 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына айрықша мән береді. Оның пайымынша, бұл – әр азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін танытатын маңызды таңдау.
– Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен адам ретінде халқымыздың басынан өткен талай кезеңнің куәсі болдым. Қиындықты да көрдік, елдің еңсе тіктеп, өсіп-өркендеген шағына да жеттік. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы әлем алдында желбіреп, балаларымыз бен немерелеріміз азат елде өмір сүріп отырғанына шүкіршілік етемін. Алдымызда үлкен саяси оқиға – Құрылтай сайлауы тұр. 23 тамызда халқымыз өз таңдауын жасайды. Мен мұны жай ғана сайлау деп қарамаймын. Бұл – елдің ертеңіне қатысты таңдау. Әр азаматтың «Мен Қазақстанның болашағына жауаптымын» деп өзінің азаматтық ұстанымын білдіретін күні, – дейді Мұхтар Әбенов.
Ол «Құрылтай» деген сөздің өзі қазақ үшін бөтен емес екенін алға тартып, оның түбінде елдік, кеңесу, ортақ мәмілеге келу, халықтың тағдырын бірге ойлау деген үлкен ұғым жатыр екенін атап өтті.
– Сондықтан жаңа Құрылтай да ең алдымен халықтың сөзін сөйлейтін, елдің мүддесін қорғайтын, мемлекеттің болашағына қызмет ететін беделді орда болуы керек. Құрылтайға барған әр азамат өзінің артында халық тұрғанын ұмытпасын. Ауылдағы қарапайым еңбек адамының да, қаладағы тұрғынның да, қарияның да, жастың да үні сонда естілуі қажет. Халық сенімінен асқан аманат жоқ. Сол аманатқа адал болу – ел ісіне араласқан әр азаматтың парызы, – деді ақсақал.
Еңбек ардагері жастарға ерекше сенетінін жеткізіп, елді сүюге, туған жердің қадірін білуге, білім алуға, еңбек етіуге, адал болуға және Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға кеңес берді.
Сондай-ақ барша қазақстандықтарды 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырып, миллиондаған азаматтың таңдауы – халықтың таңдауы болатынын алға тартты.