Павлодарлық алдын ала төлем жасап, алаяқтың арбауына түсті

Павлодарлық алдын ала төлем жасап, алаяқтың арбауына түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Пластикалық терезе орнатуға берілген 280 мың теңгені полиция тұрғынға толық қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны Ермұрат Әденов пластикалық терезе орнату үшін бір азаматқа алдын ала төлем жасаған. Алайда 280 мың теңгені алғаннан кейін тапсырыс орындалмаған.

Тұрғын алаяқтық фактісі бойынша полицияға жүгінді. Істі Павлодар қаласы полиция басқармасының тергеушісі Әлихан Чикаев жүргізген.

– Тергеуші барлық тергеу әрекеттерін жедел әрі нақты жүргізді. Қызметтік міндеттерін адал орындауының арқасында ақшалай қаражатым толық көлемде қайтарылды. Қызметтеріңізге рақмет, – деді Ермұрат Әденов.

Осыдан кейін павлодарлық қалалық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаровқа өтініш жолдап, тергеушіге алғыс білдірді.

Айта кетейік, тұрғындардың жөндеу және басқа да қызметтер үшін алдын ала төлем жасап, кейін қиындыққа тап болуы бұған дейін де тіркелген. Өткен жылы Павлодарда өзін пәтер жөндеу шебері ретінде таныстырып, тапсырыс берушілерден алдын ала ақша алған күдікті ұсталған.

Ал биыл тамызда облыстық полиция тұрғындарға тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем талап еткен бейтаныс адамдарға сақтықпен қарауды ескертті. Тәртіп сақшылары мұндай тәсілді алаяқтар жиі пайдаланатынын атап өткен.