Павлодарлық анималист-мүсінші дербес көрмесін ашады

Павлодарлық анималист-мүсінші дербес көрмесін ашады
Фото: @sarbass.d

Көрме Республика күні қарсаңында ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

24 қазанда сағат 12:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде жас мүсінші Данияр Сарбасов өзінің «ATAMEKEN» атты алғашқы жеке көрмесін көпшілік назарына ұсынады. 

– Көрменің атауы суретші үшін шығармашылығының қайнар көзі болған, туған жердің маңыздылығын көрсететін терең мазмұнға ие. Сондай-ақ, көрмеге қойылған осы аттас «Туған жер» (2017) мүсінінде бір арнаға тоғысқан жылқы мен бүркіттің біртұтас бейнесі еркін қалықтап, осы сезімді ұғынуға жетелейді, – деді музейде. 

34 жастағы мүсінші Данияр Сарбасов Баянауыл ауданының тумасы. Ол тарихи және анималистік жанрдағы көптеген станоктық және монументалды мүсіндердің авторы. Оның пластикалық тілі реалистік және стильденген тәсілдермен ерекшеленіп, шығармашылық ізденістері түрлі бағыттарды қамтиды. Көрмеге қойылатын жұмыстар 2013-2024 жылдар аралығында сомдалған.

– Автордың сүйікті тақырыптарының біріне айналған жылқы оның шығармаларының негізгі элементі болып табылады. Мүсінші өз туындыларында жылқы бейнесін: бәйге жылқысы мен асау тұлпардан, Ақан серінің Құлагері мен мифтік жаратылыс – қанатты пыраққа дейін әртүрлі интерпретациялайды. Оның мүсіндеріндегі аттар динамикалық және күрделі қозғалыста өмірге келеді. Автордың айтуынша, «ең қиыны – жылқының қимыл-қозғалысын көрсету: олар шапшаң, көз ілеспейтін қимыл. Мен оларды сезім ретінде сомдау керектігін түсіндім, – деді ұйымдастырушылар. 

Сонымен қатар көрмеге «Мейірім» (2022) және «Үміт» (2023) атты ана тақырыбындағы шығармалар қойылады. Мұнда ана бейнесі отбасы, ошақ қасын берік ұстаушы ретінде басты кейіпкерге айналады.