Жазғы маусымда павлодарлық жастар үшін арнайы бағдарлама іске қосылды

Жазғы маусымда павлодарлық жастар үшін арнайы бағдарлама іске қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Маусым-тамыз айларында Ертіс жағалауында күн сайын караоке, квест, спорт пен өнер кештері өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Толқын бол, өз бағытыңа самға!» ұранымен жастардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге бағытталған «Ертіс толқыны!» атты кешкі мәдени-ойын-сауық жобасы басталды. Жоба маусым мен тамыз аралығында Павлодар қаласы жағалауының төменгі ярусында жүзеге асырылады. Іс-шаралар күн сайын кешкі сағат 19:00-ден 22:00-ге дейін өтеді.

Жобаның мақсаты – жаз мезгілінде қала жастары мен қонақтарына бейресми, еркін әрі достық атмосферада мәдени демалыс ұйымдастыру, бос уақытты тиімді өткізу арқылы шығармашылық белсенділікті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді ұйымдастырушылар.

Жобаға Павлодар қаласының жастары ғана емес, облыс аудандары мен қалаларының белсенділері де қатысады. Арнайы кестеге сәйкес, дүйсенбі, сейсенбі және сәрсенбі күндері мәдени бағдарламаны аудан мен қала өкілдері ұсынса, бейсенбі және жұма күндері кештерді облыстық ұйымдар мен мекемелер өткізеді.

Жоба аясында караоке, «Әнге қосыл!» атты ән сайыстары, мини-ойындар мен викториналар, өзекті тақырыптар бойынша коворкинг алаңдары ұйымдастырылады. Олардың қатарында отбасылық құндылықтар, салауатты өмір салты, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу және подкаст форматындағы еркін кездесулер бар, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, квесттер, поэтикалық слэмдер, ұлттық ойын түрлері, танц-терапия, сурет салу мен комикс жасау, арт-кештер, заманауи және дәстүрлі үстел ойындары ұйымдастырылады. Спорт бағытында арқан тарту, асық ату, армрестлинг, үстел теннисі секілді жарыстар өтеді. Белгілі жаттықтырушылар мен мамандар қатысатын шеберлік сағаттары да жоспарланған.

Жастар арасында танымал STAND UP кештері мен КВН әуесқойларының бағдарламалары да көрерменге жол тартады. Жоба жастардың өзін көрсетуіне, шығармашылығын дамытуына және жаңа достар табуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 16–18 маусым күндері жобаның алғашқы бағдарламасын ұсынған Ертіс ауданы болды. Олар ұлттық ойындар мен шығармашылық шараларды ұйымдастырып, жобаның жоғары деңгейде басталуына ықпал етті.