Павлодарлық ата-аналарға баланың біліміне қаражат жинаудың жаңа жолы ұсынылды

Бүгінде бағдарлама аясында алғашқы 34 қатысушыға бастапқы білім капиталы аударылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру бағытында жаңа қаржылық – тетік «Келешек» жинақтау бағдарламасы іске қосылды. Бұл жоба ата-аналарға балалардың білім алуына ерте жастан бастап қаражат жинуға мүмкіндік береді және мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаеваның айтуынша, «Келешек» - бұл мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігіне негізделген жүйе.
– Жобаның мақсаты – әр баланың сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік жасау. Енді кез-келген ата-ана баласының атына банк шотын ашып, оған қаражат жинақтай алады. Бес жасқа толғаннан кейін мемлекет тарапынан бастапқы білім капиталы аударылады, – деді ол.
Бағдарлама бойынша шотты баланың атына дүниеге келген сәттен бастап ашуға болады, ал бес жасқа толғанда мемлекет алғашқы салымды енгізеді. Ата-аналар бұл шотқа қаражатты өз мүмкіндігіне қарай – ай сайын, жылына бір рет немесе кез-келген уақытта сала алады.
– Бұл – өте икемді жүйе. Ең бастысы – баланың атына ашылған шотқа заңмен бекітілген ең төменгі мөлшердегі салымды сақтау. Ал қалған соманы әр отбасы өз табысына қарай реттей алады, – деді Жанна Есінбаева.
18 жасқа дейін жиналған қаражат баланың жоғары білім алуына жұмсалады. Егер түлек грант негізінде оқуға түссе, қаражат жоғалмайды: оны магистратурада, докторантурада пайдалану мүмкіндігі бар. Ал егер бала барлық деңгейде тегін оқыса, жинақталған қаражатты тұрғын үйдің алғашқы жарнасына жұмсауға рұқсат етіледі.
Бағдарлама қатысушылары үшін қаржылық ынталандыру да қарастырылған. Банк жыл сайын он екі пайыздық сыйақы төлейді, мемлекет тарапынан қосымша жеті пайыздық жылдық сыйақы беріледі.
Бүгінде бағдарлама аясында алғашқы 34 қатысушыға бастапқы білім капиталы аударылды. Жоба операторы – қаржы орталығы. Барлық ақпарат қаржы орталығының сайтында көрсетілген.