Павлодарлық Азия чемпионы АҚШ университетіне грантқа түсті
Колледж студенті кубик рубикті жеті секундта жинап, чемпион атағына ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Торайғыров университеті жоғары колледжінің студенті 19 жастағы Даниял Сүлеймен АҚШ-тағы Браун университетіне грантқа оқуға түсті. Ол «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығында төртінші курста оқиды.
2022 жылы Азияда спидкубингтан байқауға қатысып, чемпион атанды. Ол жерде кубик – рубик жинаудағы рекорд уақыты 7 секундты құрады. Сондай-ақ, Даниял бүкіл Қазақстан бойынша жарыстарды ұйымдастырып жүр. Бүгінгі таңда Даниял колледжде бітіру емтихандарына және оқуға түсу үшін дайындалып жатыр.
– Колледжде бағдарламалар жазып, шет тілдерін меңгеремін. Кубик текшесіне деген қызығушылығым 2018 жылы оянды. Міне, алты жылдай басқатырғышқа құмарлығым өшпей келеді, – деп түсіндірді Даниял Сүлеймен.
Ол кубик текшесін өздігінен жинауды YouTube арқылы бейнелерді көріп үйренген.
– Бағдарламалау мен кубик–рубик жинауды біріктірсе, өте қызықты нәтижеге келуге болады. Мысалы, менің досым кубик текшесін жинап, жарысуға арналған таймерді бағдарлама арқылы жазып, құрастырды, – деді колледж студенті.
Даниял Сүлейменнің спидкубинг бойынша 50 медалі бар. Оның ішінде тоғыз жүлдесі – Қазақстан чемпионаттарынан, екеуі – Азия чемпионатынан. Жуырда ол Өзбекстанда өткен жарыстан үш жүлдемен оралды.
– АҚШ-тың университетіне грантқа FLEX бағдарламасы арқылы түстім. Аталған бағдарламамен студенттер алмасуы бойынша АҚШ-та бір жыл тегін білім алдым. Бұл менің АҚШ-қа оқуға түсуіме ықпалын тигізген шығар деп ойлаймын, – деді ол.
Студенттің сөзінше, шетелде сапалы білім алуға және білікті маман болуға мүмкіндіктер мол.
– Егер жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтеріне қарайтын болсақ, тізімдегі ең жоғарғы және басым бөлігі американдық университеттер алады, – деп атап өтті Даниял Сүлеймен. – Шетелдік университетке түсу үшін бәсекелестік өте үлкен. Барлық ниет білдірушілердің шамамен 5%-ын ғана оқуға алады. Мысалы, биыл Қазақстаннан Браун университетіне үш адам түсті, ал әдетте бір адам түседі немесе ешкім қабылданбайды.
Университет басшылығы өтініштерді қарастырған кезде студенттердің SAT және IELTS тестілерінің нәтижелеріне, бағалауға, сыныптан тыс жұмыстарға және жетістіктерге мән беріп, ескереді. Студенттер өтініш бергенде болашақ мамандықты бірден таңдамайды. Олар белгілі бір уақыттан кейін өздері қандай мамандықта оқығысы келетінін шешуге құқылы.
– Мен өз мамандығым бойынша оқуды жалғастырамын деп ойлаймын, бірақ басқа мамандыққа бет бұруым да әбден мүмкін,– деді Даниял Сүлеймен.
Айта кетейік, Браун университеті – Род-Айленд штатының Провиденс қаласында орналасқан АҚШ-тағы ең беделді жеке университеттердің бірі. Сондай-ақ, ең көне ұлттық университеттерге жатады. Оның іргетасы 1764 жылы құрылған.