Павлодарлық баяншы халықаралық баян мен аккордеон музыкасы фестивалінде өнер көрсетеді

Павлодарлық баяншы халықаралық баян мен аккордеон музыкасы фестивалінде өнер көрсетеді
фото Олжас Нұрлановтың жеке мұрағатынан

Музыкант тыңдармандарын концертке шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Олжас Нұрланов бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.

2025–2026 жылғы шығармашылық маусымдағы фестиваль 40 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бағдарламаға Ресейдің Гнесиндер атындағы музыка академиясының профессоры, Ресейдің халық әртісі Фридрих Липс сыныбынан шыққан халықаралық конкурстардың лауреаттары қатысады.

Концерт 8 ақпанда Санкт Петербургтегі Петр Великий атындағы Политехникалық университеттің Ақ залында өтеді. 

Басталуы –  сағат 13:00–де. Олжас Нұрланов С. Абдинуровтың «Арыстанбаб», С. Рахманиновтың «Вокализ» және А. Розенблаттың П. Чайковскийдің «Кішкентай аққулар биі» тақырыбына жазылған фантазиясын орындайды.

Политехтің Ақ залы –  қаланың ең үздік концерттік алаңдарының бірі. 1899 жылы архитектор Эрнест Виррих пен акварелист Альберт Бенуа жобалаған бұл ғимарат сәнді интерьері және қайталанбас акустикасымен ерекшеленеді. 

Еске сала кетейік, өткен жылы Олжас Нұрланов Мәскеуде өткен VIII Халықаралық баян және аккордеоншылар конкурсында Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады. Бұл байқау кәсіби ортада «баяншылардың Чайковский конкурсы» деп аталады. Оған 55 елден жас музыканттар қатысып, академиялық және эстрадалық бағытта өнер көрсетті.

26 жастағы Олжас алты жасынан Павлодардағы дарынды балаларға арналған арнайы мектепте әкесінің жетекшілігімен оқуды бастады. Кейін Гнесиндер академиясында білімін жалғастырып, орындаушылық шеберлігін шыңдады. Соңғы жылдары ол отыздан астам халықаралық конкурстың жеңімпазы атанып, беделді Coupe Mondiale жарысында классикалық санат бойынша бірінші орынға ие болды. Оның гастрольдік сапарлары Германия, Сербия, Швейцария, Италия және басқа да Еуропа елдерін қамтиды.

Музыкант туған Павлодарынан қол үзген емес. Өнерпаз Павлодарда концерттер мен шығармашылық кездесулер өткізеді, баянның болашағы мен даму жоспарлары жайлы ой бөліседі. Сонымен қатар, Олжас әлемдегі алғашқы PROбаян подкастының авторы ретінде баян өнерінің өзектілігі мен келешегін әріптестерімен бірге талқылайды.