Павлодарлық баяншы Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады

Павлодарлық баяншы Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады
фото Олжас Нұрлановтың жеке мұрағатынан

Бұған дейін біздің елді ешкім таныстырмаған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

VIII Халықаралық баяншылар мен аккордеоншылар конкурсы Мәскеуде өтіп, әлемнің үздік орындаушыларын жинады. Ауқымды шара бес жылда бір рет ұйымдастырылады және кәсіби ортада баяншылар үшін өзіндік «Чайковский конкурсы» ретінде бағаланады. Биыл лауреат атану құқығы үшін әр елден келген 55 жас музыкант академиялық және эстрадалық бағыттарында өнер көрсетті.

Бірінші орынды және жеңімпаз атағын Олжас Нұрланов иеленді. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет осы конкурста жеңіске жеткен өнерпаз. Бұған дейін елімізден тек Алексей Ефременко және Самғар Толқынхан лауреат атанған.

Конкурс баян мен аккордеондағы қазіргі заманғы орындаушылықтың ең жоғары деңгейін айқын көрсетті. Тыңдаулар эстрадалық бағытта екі турда, ал академиялық бағытта үш турда өтті. Бұл қатысушылардың шеберлігін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді. Фестивальдің салтанатты мәресі жеңімпаздар мен финалистердің гала-концерті болды, онда көрермендер жаңа жұлдыздардың өнерін өз көздерімен тамашалады, деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Қазылар алқасы Олжас Нұрлановтың техникалық шеберлігін, музыкалылығын және орындаудағы ерекшелігін ерекше бағалап, оның қайталанбас көркем қолтаңбасын атап өтті.

Мен үшін тыңдармандар қазақ баян мектебінің терең музыкалық тілін естуі маңызды. Бұл мектепте дәлдік, эмоция және жеке стиль үйлесім тапқан. Қазақстанды ең ірі халықаралық сахналарда таныстырып, дәстүрімізді әлеммен бөлісуге қуаныштымын, дейді музыкант.

Қазақ баян мектебінің жоғары деңгейін басқа отандық орындаушылардың қатысуы да дәлелдеді. Биыл конкурста үш қазақстандық өнер көрсетті: Олжас Нұрланов, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Руслан Галькеев және Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Жандос Сауыт. Фестиваль аясында училище мен колледж студенттері арасында байқау өтті. Оның қорытындысы бойынша Маймаков Нұржан III дәрежелі лауреат атанды, ал А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің тәрбиеленушілері Асылхан Сағидоллаұлы мен Серік Әділет дипломант болды.

26 жастағы Олжас алты жасында әкесінің жетекшілігімен дарынды балаларға арналған арнайы музыкалық мектепте білім ала бастады. Кейін Гнесин атындағы музыка академиясында оқуын жалғастырып, орындаушылық шеберлігін тереңдетті. Соңғы жылдары ол 30-дан астам халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды. Олардың ішінде беделді Баяншылар мен аккордеоншылардың Әлем кубогы (Coupe Mondiale) бар, онда Олжас классикалық категорияда бірінші орынға ие болды. Оның гастрольдік қызметі Еуропа елдерін қамтиды: Германия, Сербия, Босния және Герцеговина, Швейцария, Италия және басқа елдерде өткен концерттері көрермендер мен кәсіби қауым тарапынан жоғары бағаланды.

Олжас туған Павлодарын да ұмытпайды. Биыл мамыр айында ол қалаға шығармашылық кездесу мен концертпен келіп, баянның болашағы, жоспарлары және бұл аспаптың ерекшеліктері жайлы ойларымен бөлісті. Музыкант сондай-ақ әлемдегі алғашқы PROбаян подкастының авторы ретінде танымал. Онда сахнадағы әріптестерімен бірге баян өнерінің өзектілігі мен болашағын талқылайды.